Ғылым ордасына – 55 жыл
Гвардейск қалашығындағы офицерлердің гарнизондық үйінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 55 жыл толуына арналған жас ғалымдардың «Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ғылымды инновациялық дамыту» халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты – жас ғалымдар мен мамандардың шығармашылық белсенділігін дамыту, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарға қызығушылығын арттыру.
Жиын Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің ғылыммен айналысатын жастары арасында өзара байланысты арттыра түсуге дәнекер болуды да көздеді. Конференцияның ашылу салтанатында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ветеринария ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі А.Р.Сансызбай құттықтау лебізін білдіріп, жас ғалымдарға сәттілік, ғылыми табыстар тіледі. Сондай-ақ «Я.Р.Коваленко атындағы сынақтық ветеринарияның бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институты» МҒМ вирусология зертханасының меңгерушісі, РФ ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, профессор К.В.Юров, MRI Global (АҚШ) бас ғылыми қызметкері Конрад Томас, Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының хатшысы Б.Ә.Әлімбет, «Санэпидсараптама және мониторинг» PМKK директорының орынбасары, профессор Ә.М.Айқымбаев, «Отар» 40-әскери базаның бастығы, полковник Д.Т.Адырбеков мырзалар өз құттықтауларын жолдады. Конференция қорытындысы бойынша Р.К.Нисанова (І орын, БҚПҒЗИ), А.С.Нұрпейісова (ІІ орын, БҚПҒЗИ), К.А.Шораева (ІІ орын, БҚПҒЗИ), Г.Мұсаева, А.Алиева, М.Сармыкова, Т.Тіленшиева (ІІІ орын, БҚПҒЗИ) дипломдармен марапатталды.