Атыраудағы перзентханада қайтыс болған 32 жастағы Гүлдана Жекенованың әпкесі "Ақ Жайық" басылымына берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын өз тарапынан айтып берді.
Жанарыс Жекенованың айтуынша, ауыл гинекологы (Гүлдана Есбол ауылында тұрып келген - Авт.) асқынып кетуі мүмкін деген қатер барын айтып, облыстық перинаталдық орталықта босануға кеңес берген. 2016 жылдың 25 қарашасында Гүлдана шұғыл жағдай болып қалса стационарға жылдам жету үшін Геолог ауылында тұратын Жанарыстың үйіне келген. "Емдеуге жатқызу бюросы" көп уақыт бойы дұрыс жұмыс істемей, әйел сол күйі қарала алмаған.
"17 желтоқсанда кешкі сағат 22.30-да оның толғағы келіп, жедел жәрдем шақырдым, оны Авангардқа жеткіздім. Қабылдап алды, бірақ дәрігерлердің ешқайсысы оған назар аудармаған сыңайлы. Қайта-қайта телефон соқтық, түнгі сағат үште Гүлдана ауырсынып, жылай берді, бірақ дәрігерлер оның бұл жағдайына еш назар аудармады, тек ұрысып тастады, тыныш отыруды бұйырып, кетіп қалды. 18 желтоқсанда ол келуімді сұрады, себебі оның мәліметтері порталда жоқ болғандықтан, перинаталдық орталықтан шығарып жатыр екен", - деп әңгімеледі Жанарыс.
Бұл жағдайдың барлығы мерекелік және демалыс күндері болған. Жанарыстың айтуынша, осыдан кейін олар алаңдап, ауылдағы гинекологқа телефон соғып, Гүлдананың құжаты қалайша портал бағдарламасында шықпағанын сұраған. Дәрігер қалалық перзентханаға баруға кеңес берген. Хал үстінде жүрген Гүлдана әпкесімен бірге қалалық перзентханаға барады. Сол жақта оны қабылдап, толғақ шақыратын екпе салған. Ал босанатын кезінде Жанарысты шақырамыз депті. Күндіз сағат 13.00-де шақыртып алғаннан кейін, бала босану бөлмесінде орын табылмай қалған.
"Кешкі алтыда босану залына кірдік, бірақ дәрігерлер назар аудармады. Гүлдана ауырсынып, қан кетті, осыдан кейін ол Кесарев тілігін жасауды сұраған. Оның жағдайы нашарлап кетті, мен залдан шығып, көмек сұрай бастадым, бірақ дәрігерлер кешкі ас ішіп жатқанын айтты, міне-міне келеміз деді. Ал үшінші рет шақырғанымда босану залына кіргізбей қоятындарын және мазаламауын талап етті. Тілік жасауды сұрағанымызда дәрігерлер күліп, Гүлдананың өзі босана алатынын айтты, тек күте тұру керек деді", - деп еске алады Жанарыс.
Оның айтуынша, сіңлісінің жағдайы нашарлап кеткен. "Сол жақ денесінде қан ұйып қалғанын айтты, кейін құлап қалды, өзі тұра алмады, медбикелер оған "тұр", "өтірік жасама" деп жатты. Оны тұрғызып алдым. Сосын Гүлдана көзі қарауытып кеткенін айтты, ауа жетпей жатты, аузынан көбік ақты. Осы кезде айғайлай бастадым. Сонда ғана біреуі де міз бақпаған дәрігерлер жетіп келді, жансақтау шараларын жасап жатты, бір ер адам келіп, медперсоналға неге науқасқа қарамайсыңдар деп ұрыса бастады, бірақ отаға дайындалмады. Мені босану залынан шығарып жіберіп, сіңлімнің жағдайы жақсаратынын айтты", - дейді әйел.
Ал түн жарымында дәрігерлер Жанарысты бөлмеге шақырып, сіңлісі мен оның нәрестесін құтқару мүмкін болмағанын айтыпты. "Дәрігерлердің оны босандыруға бір күн бойы мүмкіндігі болды немесе Кесарев тілігін жасауға болар еді. Бірақ перзентханаға өзі келіп тұрған әйелдің жағдайына қарамағандықтан, ол да, сәбиі де қайтыс болды. Ал енді дәрігерлер міз бақпай, қолдан келгенді жасадық дейді", - деп мәлімдеді әйел.
Айта кетейік, дәрігерлер оқиғаның қалай болғанын өз тарапынан айтып берді. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Ұлжан Хасанова Гүлдананың ауруханаға жатудан бас тартқанын айтса, өз кезегінде қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпова Гүлдананың өлім себебі ұрық маңы суымен эмболия болуы мүмкін екенін хабарлады.
Гүлдананың артында үш баласы қалды. Жанарыстың айтуынша, кенже қызы анасынан айырылғанын әлі түсінбейді екен.
kaz.tengrinews.kz