Ғасырлық қадамын ойлайтын жұрт бүгіннен театр салады
Орталық Азиядағы теңдессіз саналатын ғажайып өнер ошағы Астананың төрінен орын алды. Кеше 1250 орынға арналған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының кермесі қиылып, талғамы жоғары Еуропа мамандарының өзі «мінсіз акустика, ғажайып техникалық мүмкіндік, дүниежүзінде сирек кездесетін құбылыс» деп бағалаған тамаша ғимарат есігін айқара ашты. Сахнаның шымылдығы қазақ опера өнерінің жауһары, композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен түрілген айтулы шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, жұртшылықты теңдессіз театрдың ашылуымен құттықтады.
Сыртынан көз тартатын ғажайып ғимараттың «ішкі дүниесіне» былтырғы жылдың желтоқсанында бас сұғып, біршама таныс болып та қалған едік. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялаған болатын. Дәл сол Жолдауында Мемлекет басшысы қазақтың мәдениетін ұлттың генетикалық коды ретінде бағалаған еді. Кешегі театрдың ашылуы да – сондағы айтылған ойдың жүйелі жалғасы һәм дәлелі. Ал бүгін шымылдығы айқара ашылған Опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 22 жылындағы 19-өнер шаңырағы. Бұған дейін Қазақстанның әр қиырында 18 жаңа театр салынып, ел игілігіне берілген еді. Ал жаңа ғимараттың ашылуына қатысты жұртшылыққа құттықтау арнаған Елбасы Астанаға алғаш қоныс аударған тұста тұңғыш рет К. Байсейітова атындағы Опера және балет театры ашылғанын, сосын елордада бірегей Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан кино-концерт залы бой көтеріп, ел игілігіне айналғанын айтты. «Міне, олардың қатары тағы бір теңдесі жоқ архитектуралық туындымен толығып отыр. Сыртқы сән-салтанаты мен ішкі жабдығы әдемі үйлескен «Астана Опера» театрын бізге бұрын армандаудың өзі арман болатын. Баршаңызды ел өміріндегі, қазақтың тарихындағы осынау жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сосын Мемлекет басшысы осынау театр сахнасынан талай-талай жас әртіс қанат қағып, Қазақстанға ғана емес, болашақта дүйім дүниеге танылатын өнер майталмандары дайындалатындығына сенім білдірді. Опера қызметкерлеріне, болашақ жауһарларға бүгіннен жағдай жасау қолға алынғанын да Елбасы тілге тиек етті. Театр ұжымына – 100 пәтер, жастарға 100 жатақхана бөлінгені де – соның айғағы. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана Опера» ғимаратын салуға атсалысқан архитекторлар мен құрылысшыларға дән ризашылығын танытып, алғысын айтты.
«Астана Опера» әлемдік опера өнерінің жылнамасына енеді
«Астана Опера» – Орталық Азиядағы өнердің ең үлкен храмы, бұл – бүкіл Еуразия кеңістігінде соңғы бірнеше онжылдықта дүниеге келген бірден-бір ауқымды классикалық театр, бұл – әлемдегі техникалық жағынан ең жетілген театр. Мамандар маған мұндағы акустиканың мінсіз екендігін айтты. Ендеше, бұл тарихи сәт әлемдік опера өнерінің жылнамасы мен тарихына енетін болады», – деді Елбасы. Бұдан әрі Мемлекет басшысы талантты жастар үшін шығармашылық әлеуетті барынша ашуға мүмкіндік жасалатынын да жеткізіп, Тәуелсіздіктен бері атқарылған шараларға да тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мәдениетінің нағыз ренессанстық дәуірі болды. Осы жылдар ішінде елімізде мәдени мекемелер желісі кеңейіп, бүгінгі күні олардың саны 41 республикалық, 7 мыңнан астам жергілікті мекемені қамтыған. Ал оларда 75 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл сала қызметкерлері алдағы уақытта да мемлекеттік қолдаудан кенде болмайды. «Бүгінгі қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени мұраның танымал әрі ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл – заманауи өнердің барлық түріне қатысты мәселе. Музыка да, кино да, театр да, әдебиет те, бейнелеу өнері де осылай болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, Елбасының пайымынша, кәсіпорын құрып, зауытты іске қосып, жол салатын мемлекет алдағы жылдары үшін мығым іргетас қалайды. «Мектеп пен аурухана салатын мемлекет ұлтының келешек онжылдығын қамтамасыз еткен болады. Ал ғасырлық қадамын ойлайтын жұрт бүгіннен театр салады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Ұлттық өнерге зор құрмет ұлы композиторға деген халық ықыласымен өрілді
Сөз соңында Елбасы енді санаулы күндерден соң ғажайып Астана өзінің 15 жылдығын атап өтетініне тоқталды. «Бүгінгі күні мен басты мәселені айтқым келеді, біз өз Отанымыздың бас қаласын ғана емес, тұтастай ауқымды қаланы ажарландырдық. Астана – бұл күнделікті қоныс тойы өтетін, күнделікті той тойланып, жаңа тағдырлар тоғысып жататын қала. Бейбітшілік пен келісім – бұл Астана мен Қазақстанның берік негізі. Қазақстандықтардың еңбегі мен шығармашылық күш-қуатының арқасында біздің қаламыз жыл сайын жаңғырып, жаңара түсуде. Сондықтан да баршаңызды Астанадағы жаңа өнер храмының ашылуымен құттықтаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан соң сахна шымылдығы түріліп, «Біржан – Сара» операсы шырқалған болатын. Әлемдік деңгейдегі тамаша ғимараттың М.Төлебаевтың қазақ опера музыкасына енгізген құнды еңбегі – «Біржан – Сара» операсымен ашылуы да қазақы өнерсүйер қауымды қанаттандырып тастады. Расын айтқанда, әлгіндей шығармалар негізінде халық әншісі Біржан салдың ақын қыз Сараға деген ғашықтық сезімі ғасырдан- ғасырға ұласты. Операның жаңа қойылымын режиссер Юрий Александров жүзеге асырса, басты рөлдерді Нұржамал Үсенбаева мен Ахмет Ағади орындады. Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаев театр шымылдығының «Біржан – Сара» операсымен ашылуын ұлттық өнерге зор құрмет пен ерекше ықыластың белгісі ретінде атап өткен болатын. Бұл ретте Президент биыл ұлт өнерінің мақтанышы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы екендігін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Театрдың шымылдығы әйгілі композитордың «Біржан – Сара» операсымен ашылуының мәні бар. Ұлттық өнерге зор құрмет пен ерекше ықыластың белгісі, ұлы композиторға деген халқының көңілі болып саналады», – деді. Сөз арасында Президент жаңа театрдың әлемдік таныстырылымы қазан айында өтетінін, онда тұңғыш рет қазақ жерінде қойылатын
Дж.Вердидің «Аттила» операсы қойылатынын атап өтті. Яғни алдағы қазан айында әлем операсының майталмандары Астанаға ағылатын болады. Сөйтіп, әлемдегі ең үздік алты өнер ошағының біріне айналған «Астана Опера» театры енді қазақ жұртына ғана емес, еуропалық тарлан талант иелері үшін де құшағын айқара ашпақ.
Жалпы аумағы 64 мың шаршы метрді алып жатқан «Астана Опера» театрының таға тәріздес сахна залы 1250 көрерменге есептелген. Өнер ұжымы төрт сахнаның үшеуінде бір мезетте дайындық жұмыстарын жүргізе алады. Тіпті қойылым жүріп жатқан мезетте декорацияны өзгерту мүмкіндігі де қарастырылыпты. Заман талабына сай студиялық жабдықтардың көмегімен қойылым немесе концертті HD тәртібінде жазуға болады. Театр құрылысына 300 млн доллар жұмсалған. Әлем театрларынан және бір ерекшелігі, антракт кезінде адам демалатын фойе аумағы да атшаптырым – 3 мың шаршы метр. «Дәл осындай фойені дүниежүзіндегі бірде-бір театрдан көрген жоқпыз» деп мақтанатындар да баршылық. Театрдың ең үлкен ерекшелігі – акустикасы. Онымен италиялық мамандар айналысып, айрықша дыбыстық сапаға қол жеткізген көрінеді. Сахна және дайындық залдарындағы қабырғалар мен еден дыбыстың дірілін шағылтатын шамшат, қайың ағаштарынан жасалған деседі. Бір сөзбен айтқанда, мінсіз акустика кез келген дыбыстың самғауына сеп болады. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, акустиканы бағалау үшін талғамы жоғары тарландардың өзі арнайы шақыртылып, әлгіндей бесаспап мамандар арнайы құрылғысын да ілестіре келіп, акустиканы әдейілетіп тексерткен. «Олар бұл театрдың акустикасы ежелден келе жатқан Еуропадағы кәрі театр – Сан-Карло театрынан кем болмайтынын айтты», – дейді Төлеген Мұхамеджанов.