Ғалымдар ашқан жаңалық өндіріске өткел таба алмай жүр
Негізінде, біздің ғалымдарымыз ғылым жолында ізденуден, ашқан жаңалығының жобасын жарқыратып көрсете білуден кенде емес. Арамызда білікті, ізденімпаз, ғылымға шын жанашырлықпен қарайтын азаматтар баршылық. Олардың қайсыбірінің ашқан жаңалықтарына азуын айға білеген Батыстың өзі тамсанып қарайтын кездер де бар. Амал не, сол ғылымға адал ғалымдарымыздың еңбегі еленбей жүргені жасырын емес. Біз бүгін атаулы ғылыми қызметкерлер күнін пайдалана отырып, осы мәселелерді мақаламызға арқау еткенді жөн көрдік.
КСРО-ны таңғалдырған қолтаңбалар
Мәселен, кезінде ғалымдарымыздың жаңалықтары бүкіл КСРО-ны таңғалдырған-ды. Олардың сол кездегі ашқан жаңалықтары қазірдің өзінде Ресей зауыттарына кәдеге жарап жүр. Ұсақ зауыттарын есептемегенде, Ресейдің ірі деген тоғыз зауыты күні бүгінге дейін қазақстандық ғалымдардың ашқан жаңалығымен жұмыс істеуде. Мысалы, М.Горький атындағы май зауыты, қатты кір сабындар шығаратын фабрикалары, тіпті дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикаларында біздің химиктер мен техниктердің қолтаңбалары бар. Бұлар – біздің ғалымдарымыздың 1983-1986 жылдары жасаған еңбектері. Қазіргі ізденістерінің ішінде де қоғамды селт еткізері баршылық.
Жаңалыққа жақтаушы жоқ
Мысалы, техника ғылымының докторы, профессор Қайыр Жұбанов бастаған бірқатар технигіміз бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп, көмір мен ағаштан мұнай жасауға болатын құрал ойлап шығарыпты. Бұл ретте ғалым: «Соңғы кездері әлемдік экономист-сарапшылар «40 жылдан соң Қазақстанның мұнайы түгесіледі» деген болжам айтуда. Сондай сәтте саусақ сорған баланың күйін кешіп қалмас үшін біз жоғарыда айтылған жаңалығымызды ашып, химиялық реактивтерді және сұйықтық заттарды қолдану арқылы көмірден мұнайды қалай алуға болатынын дәлелдедік. Қазақстаннан селт еткен бір адам жоқ. Ал іргеміздегі Қытайдан, Белоруссиядан келген мамандар таңдай қағып, тамсанып кетті. «Мыналарың ғажап! Дереу өндіріске енгіземіз!» деп жобаларымыздың бір парасын қытайлар сатып алғысы келетіндерін меңзеп өз елдерінде зауыт ашу туралы ұсынысын айтты. Өзге ел еңбегімізді бағалап жатыр. Ал біз өз елімізде еңбегімізді көрсете алмай, ішіміз ашиды» дейді.
Химия ғылымының докторы, профессор Хакім СҮЙЕРБАЕВ: «Таяуда жүрек дертіне дауа болатын валидол, корвалол дәрісінің жаңа түрін ойлап таптық. Қазір бұл дәрі Ресейдің фармацевтикалық фабрикаларында өндіріске енгелі жатыр. Ал өзіміздің отандық өндіріс бұл дәрілерді қолданысқа енгізуге құлықсыз», – дейді.
Тағы да сол тәрізді техниктеріміз өнімнің сапасын бұзбай сақтап тұратын зат ойлап тауыпты. Мұны ұн немесе әртүрлі тамақ өнімдерін шығаратын зауыттар өз өнімдеріне қосып шығарса, өнімдерінің сапасы төмендемейді. Тіпті бұл қоспаны жанар-жағармайға қосса да, жанармайдың өзіндік сапасы арта түспек. Әттеген-айы – ғалымдарымыздың бұл инновациялық еңбектерінің де елеусіз қалып жатқандығы.
Наномайларды фармацевтикаға енгізетін кез жетті
Бүгінде тағы бір әлемді мойындатып келе жатқан саланың бірі – нанотехнология. Біздің ғалымдарымыз да осы әдістің қыр-сырын меңгеруден кенде қалып жатқан жоқ. Бұл ретте отандық биолог ғалымдардың еңбегі ескеруге тұрарлық. Биологтеріміз қазір нанотехнологияның күшімен наномайлар жасау әдісін әбден меңгерген. Осыған байланысты олар фармацевтикаға бұл әдісті енгізетін кезең әлдеқашан жетті деп отыр.
Мұрат ҒЫЛМАНОВ, биология ғылымының докторы, профессор:
– Мен Францияда «Инфекциялық тыныс жолдары ауруларының алдын алатын нанотехнологиялық әдіс» деген атпен арнайы баяндама жасадым. Әлемнің 500-ден аса ғалымы жиналған басқосуда жаңалығым бірінші орынды иеленді. Сол-ақ екен, француздар, қытайлар «мына жаңалықтарыңыз халықты сақтауға арналған ірі жоба екен» деп сатып алуға да құлық танытты. Бұған қоса біз жүрек дертіне ем болатын, бронхы-өкпе, яғни тыныс алу жолдары ауруларына дауа беретін наномайлар ойлап таптық. Дәрігерлердің айтуынша, мен омыртқадан құрт ауруы дертіне шалдыққанмын. Дерттен емделу үшін тоғыз ай ауруханада жатып, күніне 20-ға тарта таблетканы, төрт антибиотикті үзбей қабылдауым керек екен. Қолхат жазып, ауруханаға жатудан бас тартып, үйге келдім. Ойым – өз әдіс-тәсіліммен емделу. Сөйтіп, өзіміз ойлап тапқан, жоғарыда аталған нано-майды омыртқамның тұсына терінің сыртынан бір жарым ай жақтым. Көріп отырсыз, Аллаға шүкір, алдыңызда отырмын. Барып тексерілдім, дерттен ада болдым. Бұл жетістікке дәрігерлердің өзі таңырқады. Ал ауруханаға жатқанымда улы антибиотиктер ағзама зиянын тигізетін еді. Міне, осы жаңалығымызды халықтың игілігі үшін пайдалансақ деп ойлаймын.
Жалпы, тізбектесек, қазақ ғылымының өзіндік жаңалығы, жаңашылдығы баршылық. Біз солардың ішіндегі бір-екеуін ғана екшеп алдық. Ондағы ойымыз қазақ ғылымының тұншықпағанын, керісінше, тұшымды дүниелері бар екенін көрсету болды. Ал ендігі біз үшін қажеттігі – ғылым мен өндіріс арасын жалғайтын өткел. Ол үшін ғалымдардың жаңалығын жарнамалап өндіріске бағыттап отыратын арнайы инновациялық менеджерлер легін жасақтау керек пе болмаса тағы басқа тетіктерді үйлестірген жөн бе, әйтеуір, біз үшін өз елінде отандық ғылымды өгейсітпеу маңызды болуы керек.