Ғаламшардың 6 миллиардыншы тұрғыны Алматыда тұрады
1999 жылы БҰҰ шешімімен Жер ғаламшарының 6 миллиардыншы тұрғыны деп танылған алматылық Рәбия Ермұханова қазір 16 жасында. Халықаралық бейресми атаққа ие болған Рәбияға бүгін Алматы Қазақстан азаматының жеке төлқұжаты салтанатты түрде табысталды. Мұрағатқа айналған сәтке 16 жыл бұрын біздің тілшілеріміз де куә болған еді. Дүние есігін жаңа ашқан сәбиге сәттілік серік болып, ғаламшардың 6 миллиардыншы тұрғынына туу туралы куәлік пен ескерткіш белгі берілген болатын. Мамандығы журналист Манарбек Ермұханов пен оның зайыбы Алмагүлдің 7 жыл күткен тұңғыштары өзімен бірге осындай ерекше қуаныш ала келді. Манарбек Ермұханов, Рәбияның әкесі (1999 жыл): - Баламыз осы 12 қараша күні туылып, 6 миллиардтың ішіне кіреді деп ойлаған жоқпыз. Бақытты отбасында бүгін тағы қуаныш. №111 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Рәбия Ермұханова кәмелеттік жасқа толды. Қызының ресми түрде төлқұжатын алуға келген ата-анасы кездейсоқ сәттіліктің де салмағы бар дейді. Манарбек Ермұханов, Рәбияның әкесі: - Жауапкершілік өте жоғары болады деп есептеймін. Неге десеңіз, бұл атақ бейресми түрде болса да, осындай өзінің елін биіктен көрсетуге талпындырады деп ойлаймын. Дарынды Рәбияның бүгінде жетістіктері де аз емес. Бірнеше республикалық олимпиадалардың жүлдегері, арманы да ауқымды. Рәбия Ермұханова, Жер ғаламшарының 6 миллиардыншы тұрғыны: - Биыл көктемде географиядан республикалық олимпиададан жүлделі орынды иелендім. Бұл менің арманыма жетелеген алғашқы белестің бірі деп білемін. Болашақта ландшаф-дизайнері болғым келеді. Манарбек пен Алмагүлдің отбасында Рәбиядан басқа қызы Нари мен ұлдары Әнуар, Мансұр өсіп келеді. Ата-анасы олардың болашағынан да зор үміт күтеді.
24.kz