Қазақтың ұлттық тағамына еуропалықтардың да тәбеті ояна бастаған сыңайлы. Француз ғалымы Луи Пастердің 200 жылдығына орай Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ZOOM платформасында өткен ғылыми бейнеконференцияда француз ғалымдары құрт пен қымызды халықаралық ұлттық тағамдар кітабына енгізілетінін айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
«Пастер-ферментация» халықаралық жобасын қорытындылауға арналған бейнеконференцияға Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс, Жюль Греви колледжінің директоры Катрин Меснье, аталған жобаның жетекшісі профессор Даниэль Райшварг және Назарбаев зияткерлік мектебі мен Полиньи мектебінің оқушылары қатысты.
Ғылыми жоба барысында екі елдің оқушылары тағам өнеркәсібіндегі химиялық трансформациялар туралы білімдерін жетілдіріп, ірімшік пен сүт қышқылын өндірудегі ашыту үдерістері төңірегінде тәжірибе алмасты.
– Аталған жоба аясында негізінен ұлттық тағамдардың құрамын, дайындалу әдістерін, оның адам денсаулығына қаншалықты пайдалы немесе зиянды екенін зерттедік. Біз құрт, қымыз, ірімшік сияқты ұлттық тағамдардың экологиялық таза, табиғи өнім екенін ғылыми жолмен дәлелдеп шықтық. Полиньи мектебінің оқушыларымен биология, химия және басқа да салалар бойынша тәжірибе алмасып, білімімізді арттырдық. «Пастер-ферментация» халықаралық жобасының жетекшісі, профессор Даниэль Райшварг біз жүргізген сүт өнімдеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жоғары бағалап, қымыз бен құртты халықаралық ұлттық тағамдар кітабына енгізетінін айтты. Мұны біз өз еңбегіміздің нәтижесі деп білеміз, – деді жобаға қатысқан 9-сынып оқушысы Дария Шунушева.
Конференцияның соңында Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс халықаралық ғылыми жобаға қатысқан оқушыларға алғыс айтып, екі елдің арасында өзара достық қарым-қатынас пен ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ елші алдағы уақытта Франциядағы жоғары оқу орындарында грант бойынша білім алғысы келетін НЗМ түлектеріне мүмкін- дігінше қолдау көрсететінін айтты.