Еуропа мен Азия мәдениеті Астанада тоғысты

Еуропа мен Азия мәдениеті Астанада тоғысты

Еуразия кіндігіндегі Астананың биылғы мәртебесі елден ерекше десек болады. Өйткені қазақтың бас қаласы биылғы жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы ғана емес, ТМД елдерінің де мәдени астанасы атанып отыр. Осы мәртебелі құрмет аясында кеше Астанада «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» атты халықаралық форум өтті. Басқосу, негізінен, Елбасы Н.Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісінде жариялаған еуразиялық мәдени кеңістік бастамасын ілгерілетуді көздейтіні жиын басында айқын аңғарылды.
Осы күні Астанада кешегі күллі кеңес кеңістігінің мә­дениет саңлақтары, зиялы қауым мен шығар­ма­шы­лық қайраткерлері, өнер өрісіндегі тарландары бас қосты. Бір кездері 15 одақтас республика ыдырай тарқағанда ең ауыр соққыны бастан кешіп, ұлы күйзелістің дәмін татқан шығармашылықтың өкіл­дері, міне, бірін-бірі анадайдан танып, төс түйіс­ті­ріп жатыр. Бұл да болса бір кездері осы кеңістікті жай­лаған рухани һәм мәдени құлдыраудың артта қал­ғанын көрсетсе керек. Ал кешегі басқосудың басты ерек­шелігі кешегіні көксеу емес, керісінше, ертеңіміз үшін рухани бірігуге ұмтылу болмақ. Осы тұрғыдан ал­ғанда қазақстандық бастаманың мақсат-міндеті де ау­қымды көрінді. Атап айтар болсақ, форум өз жұ­мы­сында ТМД-ның мәдени, шығармашылық, гума­ни­тарлық қоғамдастығының рухани құндылықтарын бір ортаға шоғырландыруды, еуразиялық бірлік әр ал­уандығының дамуына жаңа серпін беруді көздейді. Посткеңестік кеңістіктегі халықтардың мәдени, рухани өзара әрекеттестігін, мәдени ынтымақтастық әлеуетін, еу­разиялық кеңістіктегі мәдениеттер мен толерантты­лық диалогін нығайтуды, сондай-ақ еуразиялық жұрт­шылықты  рухани жақындастыруды мақсат тұ­тады. «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» атты фо­­румды Астанада өткізудің өзіндік заңдылығы бар. Өйткені еуразиялық одақ құру туралы идеяны осы­дан 18 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінде бол­ған кездесуде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұсын­ған болатын. Бүгінгі Кедендік одақ, Еуразиялық эко­номикалық қауымдастықтың құ­рылуы – Қазақстан ли­дері ұсынған бастаманың же­місі. Мұндай құ­ры­лымдар біздің елдеріміздің эко­номикасын ғана емес, мәдениеттерінің жақын­да­суы мен ықпалдасуына мол мүмкіндік ашуда. Ұлт көшбасшысының бастамасы еуразиялық идеяға мықты серпін берді. Дәл сол сәттен бастап ол тә­жі­ри­бе жүзінде іске асырылып, интеграциялық про­цестерге қарай бет алды.

Қазір біз сол идеяның арқасында пайда болған халықаралық деңгейдегі жобалар­ды, дәлірек айтқанда, Еура­зиялық эко­номи­калық қауымдастық, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің іске қосылғанының куәгері болып отырмыз», – деді жиынның пленар­лық отырысында сөз алған Қазақ­станның Мемлекеттік хат­шысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза.
Ендеше, еуразиялық кеңістіктегі мұндай мүмкіндікті орынды пайдалана білген абзал. Ал бұл ретте зиялы қауым өкілдерінің форумы ТМД шығармашылық қауымдастығының бірігуіндегі жаңа кезеңді білдірсе керек-ті. «Осыған байланысты Достастықтың зиялы қауымы еуразиялық кеңістіктегі бай мәдени мұраны қалай пайдалану ке­рек­тігін, жалпыға ортақ тарихи мұраны одан әрі сақтап қалу жолдарын және ха­лықтар арасында мәдени-рухани, ақпа­раттық өзара әрекеттестік мәсе­леле­рін талқылағаны аса маңызды дүние болмақ. Ал мұндай шын мә­ніндегі жаһандық бастаманың маңыз­ды құрамдасы біздің халықтарымыз­дың ортақ мәдени құндылықтары болып табылады. Ендеше, еуразиялық мәдениетті дамытуға қатысты диалог алаңы жалпыадамзаттық мәдениеттің гүлденуіне өз септігін тигізетініне еш күмән жоқ. Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет дегеніміз – игілік пен жасам­паз­дықтың мәдениеті», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы. Оның айтуынша, жаңа әлемдегі еуразия­лық мәдениет – бұл бейбітшілік пен ізгі­ліктің, жасампаздықтың мәдениеті. Солай бол­ғандықтан да қазақстандық бастама­ның болашағы бағамды.

Тоқтала кететін жайт, шығармашылық және мәдениет өкілдерінің форумына Елбасы Н.Назарбаев та өз құттықтауын жолдапты. Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берген осы құттықтауында Президент Қазақстанның бүгінгі заманғы аса өзекті мәселелері бойынша диалог алаңына айналғанын және бұдан әрі қарай да осы үрдісті жалғастыра беретіндігін атап өтеді. Бұған жаһандық дамудың проблемаларын көтере алған V Астана экономикалық форумы, сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі дәлел бола алады. Ал аталған съезге 40 елден келген 85 делегация Қазақстан ұсынып отырған G-Global бастамасын қолдаған еді. «Шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері біздің әлемдегі рухани және құнды үдерістер­ді алға жылжытушы күш бола алаты­нын сеніммен айта аламын. Бүкіл еу­разиялық кеңістікте ізгілікті білім мен жасампаз шығармашылыққа зиялы қа­уымның берері мол болмақ», – делін­ген Елбасының құттықтау хатында.
Ал Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, жазушы Олжас Сүлейменов те өзінің жолдауында мұндай рухани форум­ға әлемдік деңгейде қызығушылық­тың болатынын жеткізіпті. «Өткен 20 жыл­да біз ұлттық мәдениеттердің эко­номикада да, саясатта да басқалардан түбегейлі тәуелсіз бола алмайтынды­ғына көз жеткіздік. Мәдениеттің өзара тәуелділігі ғана бүгінгі таңның толық­қан­ды даму шарты бола алады. Енде­ше, біздің өзара тәуелділігіміз жаса­сын!» деп жазыпты Олжас Сүлейменов.
Пленарлық отырыс барысында мін­бер­ге шыққан шешендер Президент баста­ма­сының өзектілігін, оның дәл уағында көте­рі­ліп отырғанына назар аударды. Мәселен, ТМД Гуманитарлық ынтымақтастығы мем­лекетаралық қорының басқарма төрағасы Полад Бюль-Бюльоғлы рухани мұраны сақтау гуманитарлық саясаттың өзегі болуы тиістігін алға тартады. «Мәдениет кез келген халық үшін басты рухани капитал болып табылады», – дейді Полад Бюль-Бюльоғлы. Ендеше, ол кез келген елдің қуаты, экономикасы, геосаясаты не­месе де­мографиялық факторы, энергия ресурс­тары сынды маңызға ие. Оның ай­туынша, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпақ­қа мұра болып жеткен рухани бай­лық қана мәдени салада өзара ықпал ету міндетін өзіне жүктей отырып еуразиялық ареал­дың ортақ құндылығына айнала ала­ды.
Жалпы, еуразиялық мәдениет фору­мында ғылыми, шығармашылық ықпал­дас­тықтың өзекті мәселелері талқыланып, гуманитарлық, оның ішінде білім беру са­ла­сындағы ынтымақтастыққа қатысты тың бастамалар көтерілді. Еуразиялық ру­хани ықпалдастыққа кедергілердің бол­мауы тиістігі айтылды. Ең бастысы, Елба­сының осынау маңызды әрі ауқымды мә­дени бастамасына алғыстар жауып, еура­зиялық интеграция идеясының мазмұнын толықтыруға қатысты ұсыныстар жасалды. Форум барысында қатысушылардың арнайы үндеуі де қабылданды. «Бүгінгі ұрпақтың міндеті – барлық аймақтардың өзара тең өркендеуін қамтамасыз ету, мә­дени, рухани, ақпараттық өзара әрекеттесу­ді сақтап, дамыту үшін бай мәдени мұра мен ортақ тарихи тәжірибені пайдалану. Бұл тұрғыдан келгенде еуразиялық мәде­ниет атты форум қазіргі заманғы ғаламдық үдерістер шеңберіндегі мәдениеттің мән-маңызын айқындау мақсатында шығарма­шыл әлеуметтің күшін біріктіретін жаңа кезең болмақ», – делінген форум тұжы­рым­дамасында.


Абулфас ҚАРАЕВ, Әзірбайжан Республикасының мәдениет және туризм министрі, ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің мүшесі:
– Бүгінгі күні бізді Қазақ­станмен сонау ғасырлардан тамыр алатын бірегей түркілік текті білдіретін көптеген ортақ істер, жобалар бірік­тіріп отыр. Біз осы арқылы ортақ мәде­ниетімізді әлемдік өркениет көшінде ілгерілете аламыз. Осы ретте Әзірбай­жан Пре­зиденті И.Әлиевтің жүктеген тапсырмасына орай, мен делегация атынан Н.Назар­баевтың еуразиялық мәдени кеңістік құруға ар­налған бастамасын қол­дау­ға әзірміз деп мәлімдеуге өкілеттімін. Мұны әбден қажетті, пісіп-жетілген қадам деп санаймыз. Өйткені еуразияшылдықты ілгерілету идеясы еуро­цен­трис­­тік көзқарастың анти­тезасы болып табылады.

Сергей СОЛОВЬЕВ, Ресей халық әртісі, танымал кинорежиссер:
– Президент Н.Назарбаев еуразиялық мәдени кеңістік қалыптастыру туралы баст­а­ма­сы арқылы бүгінгі шақтың күн тәртібіндегі мәселесін дөп бас­ты деп айтуға болады. Ал күн тәртібіндегі мәселеге ке­ле­тін болсақ, посткеңестік кеңістікте біз нарықтық эконо­микаға көшіп, кейбіріміз ауқымды, енді біріміз одан кемшілдеу табысқа қол жет­кізіп жатыр­мыз. Алайда мұн­дай нарықтық өтпелі кезең біздің өмірімізді айтарлықтай азғындатып тас­тады. Жабайы­ланып, адам­герші­лік­тен айы­ры­ла бастадық. Ал Қазақстан Президенті өзінің бастамасын жариялағанда ол ең алдымен біздің адамзаттық ортақ жауап­кершілігімізді мең­зе­ген б­олатын. Шынында да, біз ада­ми кеңістіктегі рухани дү­ние­лерді қайта қалпына кел­ті­ру үшін жауаптымыз.

Төлен ӘБДІК, жазушы:
 – Мәдениеттің дамуы өзге мә­дениетпен араласу, бір-бірінің жақсылықтарын бойына сіңіру арқылы ғана жүзеге асады.
Кешегі кеңестік кезеңде қанша отарлау жағдайында отырсақ та, халқымыз күйзелісте болса да мәдени алмасу белгілі бір дәрежеде жүріп жатты. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде бұрынғы қатынастар да ыдырады. Саяси тәуелсіздік керек, ал мәдениетте шекара болмауы шарт. Сондықтан да туыстас болсын, басқа болсын қарым-қатынасты күшейту – бұл әрі-беріден соң біздің өзіміз үшін пайдалы.

Владимир МЕДИНСКИЙ, Ресей Федерациясының мәдениет министрі:
– Еуразия – тарихи тұр­ғыдан сан түрлі өркениет­тер­ мен мәдениеттердің территориясы. Сондықтан Қазақстанның бастамасы­мен өткізіліп отырған форум мәдени байланыс­тарды дамыту жолындағы шығар­машылық қауымдастықтың бірлесуіне бірден-бір себеп бола алатын алаңға айналуы керек. Мұнда еуразиялық деңгейдегі мәдени шаралар өткізіліп, оған әлемдік қауымдастықтың назары түседі. Осы бағыттағы күш жұмсауымыз өзінің жемісін беріп, өзара сабақтас­тығымызға, мәдениетіміздің дамуына және әрбіріміздің ұлттық ерекшеліктерімізді жетілдіруге септігін тигізеріне сенімдімін.

 

 

«Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы қатысушыларының
ҮНДЕУІ
Біз, Астана қаласындағы «Жаңа әлем­дегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумының қатысушылары, Тәуелсіз мем­лекеттер достастығы мемлекеттерінің көш­басшыларын, ғылыми және шығарма­шылық қоғамдастықтарын біздің мем­ле­кеттеріміздің арасындағы мәдени-гума­нитарлық және ақпараттық ынтымақтас­тық­ты дамытуға бұдан әрі күш салуға шақырамыз.
ТМД кеңістігіндегі шығармашылық қоғамдастықтың үздіксіз үндестігінің тамыры тереңде жатыр. Оны нығайту­дың негізі біздің халықтарымыз­дың ортақ адамгершілік, рухани, мәдени құндылықтары, сондай-ақ қазіргі заман­ғы әлемнің жаңа және өскелең сындары мен қатерлерінің алдында шоғырланудың қажеттігі болып табыла­ды.
Осындай форумдарды өткізу – біздің елдеріміздің орнықты дамуының жолда­рын бірлесіп іздеуге, біздің халықтары­мыз­дың арасында сенім мен өзара түсініс­тікті нығайтуға мүмкіндік болып табылады.
Еуразиялық интеграциялық үрдістердің аясында бұл үндестік ерекше маңызға ие болады.
1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық одақ құру туралы тарихи бастаманы алға тартқан болатын. Бүгінде сол жобаның нақты көрініс алып келе жатқанын біз көріп отырмыз. Оның артында  еуразиялық кеңістіктің болашағы мен жаңа ұрпақ үшін келелі келешек тұр.
Еуразияшылдықтың жарқын жемісті құндылығы – мәдениетаралық және конфессияаралық үндестік, төзімділік, бейбітшілік пен келісім, рухани және мәдени прогресі – Қазақстанның еңселі елордасы Астана болып табылады.
Астананың жасампаз рухы шығыс пен батыс мәдениетін өз ішіне сіңірді. Бұл жерде қазіргі заманның соңғы үлгісіндегі театрлар мен мұражайлары, концерттік залдары, ғылыми орталық­тары тұрғызылуда, өнердің көптеген жанрлары дамуда. Біз Астананы  осындай шабытты, серпінді, болашаққа ұмтылған қала ретінде көрдік.
Сондықтан Астананың биыл екі бір­дей құрметті халықаралық миссия­ларды орындауы – ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болып сайлануы кездей­соқтық емес. Бұл қазіргі Қазақ­стан­дағы мәдениеттің қоғамды әлеумет­тік жаңартудың маңызды факторы болып табылатындығының куәсі.
Еуразиялық мәдени кеңістікті қалыптастыру үшін біз ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі мен Мемлекетаралық гуманитар­лық ынтымақтастық қорының аясында­ғы шығармашылық және ғылыми интеллигенциялардың форумдарына үлкен мән береміз. Қордың көптеген елдердің қоғамдық және шығармашы­лық бірлестіктерімен бірлесіп іске асыратын жобаларына ерекше назар аударамыз.
Біз, форумның қатысушылары, біздің елдеріміздің мәдени әрекеттестіктері саяси, экономикалық және басқа салалардағы ынтымақтас­тық­ты күшейту үшін барынша қолайлы жағдай жасайтындығына сенеміз.
Біз мәдениет және масс-медиа салаларындағы бірлескен жобаларды өрістетуді жақтаймыз.
Жемісті ынтымақтастыққа деген сенімділік біздің халықтарымыздың тату көршілігі, біздің көшбасшыларымыздың саяси жігерлері, мәдениет пен өнер адамдарының бірлескен шығармашы­лыққа деген ұмтылысына негізделген.
Осы ұмтылыстар шабытты да жемісті болсын!

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста