Ескі шаһарлар елеусіз қала бере ме?
Жер-дүниені шарлап жүрген жиһанкез ертеде «Сырдың бойын жағалап жүрген адам көптеген шаһарға кезігеді. Бейнелеп айтқанда, Ташкент қаласынан үйдің төбесіне секірген лақ мыңдаған шақырым бойы жерге түспейді» деген екен. Расында, дарияның жағасы кезінде қалың қазақтың құтты қонысына айналған киелі мекеннің бірі болған. Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен көрінеді. Дегендей дария бойындағы әрбір төбе сыр бүгіп жатқандай сезіледі бізге. Оларға түрен салып, қойны-қонышын ақтара алсаңыз, бізге беймәлім талай құпияның кілтін табатын секілдіміз. Алайда біз өткенімізді тек шетелдік жиһанкездер артына қалдырған жазбалардан танып-біліп жүрген жоқпыз ба?
Елдің аузында айтылатын аңыз-әпсаналар қазақтың тек көшпелі тіршілікте өмір сүргенін теріске шығарып, қалың қатпарлы тарих парақтарын қайта қарап шығуға алып келері сөзсіз. Өкініштісі, күні бүгінге дейін сол көне шаһарларды түбегейлі зерттеп, лайықты бағасын беруге шамамыздың келер түрі жоқ.
Алысқа ұзамай-ақ, бір ғана Сыр өңіріндегі ескі қалалар төңірегінде әңгіме қозғайтын болсақ, көңілге кірбің салған талай жайды байқаймыз. Рас, елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келгелі бері көптеген өрелі іс жүзеге асып жатыр. Әйткенмен әлі де көңіл бөлінбей, түрен тимей жатқан құнды қазыналар қаншама. Кейбірі дұрыс көңіл бөлінбеу салдарынан жер бетінен жойылып барады. Осындай жанашыр пейілді күтіп жүрген көне қаланың бірі ежелгі замандарда Қаратау қойнауында қоныс тепкен Бестам болып тұр.
Бұл қалашық Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумағында орын тепкен. Осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын дария бойын оғыздар мекен етті. Сол тұста Бестам ата-бабалардың кие тұтқан қастерлі қонысының бірі болғанға ұқсайды.
Өйткені көне қаланың атауы хандықтың «Бас тамы» деген сөзден шыққан деген де дерек бар. Сол кезеңде билік құрған Қазан хан Балмұрын маңындағы қамалда тоғыз оғыз билеушісіне тоғыз ғимарат тұрғызып, көрме ұйымдастыруға пәрмен береді. Дегенмен ханның көңілінен бір-бірінен өткен әсем бес ғимарат қана шыққан екен. Бестам атауы содан қалған деген де пікірлер естіліп қалады.
Мадияр Елеуов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
– Бір ғана Бестам емес, Сыр бойындағы көптеген көне қалаларға дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Бұл өңір қазақтың арғы-бергі тарихының түп-төркіні саналады. Сол себепті еліміздің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы мақсатта жүйелі жұмыстар атқаруымыз тиіс. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін ауыз тұшытып айтарлық нәтижелі іс-шаралар жасала қойған жоқ. Осының салдарынан оны ешкім зерттеуге көңіл бөлмей отыр. Көне Бестам жанынан канал қазылған. Оған мән беріп жүрген жан жоқ әзірге. Сондай-ақ Сыр жерінде сырын ішіне бүккен талай көне шаһар бар. Олардың кейбірін су шайған.
Сол Бестамның орнын қазір әрең тауып алуға тура келеді. Өйткені базбір жылдарда оған ешкім назар аудара қойған жоқ. Тіпті оның маңынан жер жыртып, егін салынды. Айналасына егін егілді. Каналдар қазылды. Қысқасы, көне қалаларды сақтауға өз деңгейінде мән берілген жоқ. Осының салдарынан көне қалашық жермен-жексен болып қирап, көзден ғайып болатын жағдайға жетті. Бекіністегі молаларда жатқан адам сүйектері аяқ асты болды. Оны өткеніңді құрмет тұтпау, тарихыңды бағаламау деп қарасақ та артық емес. Осы қалашықта елімізге әйгілі «Елім-ай» әні өмірге келген деседі.
Мақұл-ақ делік, ол жылдарда жұрт саясаттың ықпалынан шыға алмады. Алайда бостандық байрағын бекем ұстаған бергі жиырма жылдан астам уақыттан бері тарихымызды түгендеу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізе алдық па? Елдің көңілін осы сауалдар мазалайды. «Қазақ халқы кең сахарада тек көшпелі тіршілікте болды» деп топшылайтын қасаң пікірлерді жоққа шығаратын кезең келген секілді. Ата-бабаларымыз ежелгі кезеңде де өркениеттің ордасы боларлық көптеген ғимараттар тұрғызып, қаншама қалалар салғанын айғақтайтын дүниелер аз емес. Біздің ұлтымыз кезінде тек малдың жайын ойлаумен ғана шектелмей, жайқалтып егін өсіргеніне дәлел бола алатын жайлар жетерлік.
Мейрамбек Сапаров, Шиелі ауданындағы №214 мектептің тарих пәнінің мұғалімі:
– Көненің көзіндей болған Бестам мүлгіп жатқандай. Шындығын айтқанда, Бестам жайлы аңыздарды әріге бармай-ақ қоялық, жергілікті жұрттың өзі біле бермейді. Оны үйінді астындағы топырақ деп ойлайтын адамдар да бар. Көне қаланың құпиясын ашатын археологиялық қазба жұмысын жүргізуіміз тиіс. Сонда ғана көне Бестамның көптеген құпиясының кілтін табар едік.
Сыр бойында көне қалалар жетерлік. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік Бестамның күйін кешіп тұр деуге болады. Археологтар, негізінен, Жанкент, Сығанақ, Жент, Шірік-Рабат секілді белгілі шаһарларды зерттеуден арыға аса алмай жүр. Ал кейбір көне қалашықтар көзден таса қалып қойып жатқан жайы бар. Атап айтқанда, қазақтың қас батыры болған Алпамыс батырдың аяулы жары Баршын өмір сүрген Баршынкент, Көккесене, Аққорған, Мейрамтөбе секілді ескі шаһарларға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Олардың түп-төркініне қашан түбегейлі үңілеміз деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр.
Мұндай келеңсіз көріністер еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Мысалы, сол шаһарлар туралы азды-көпті деректер жазылған арнайы кітаптар шығарылған жоқ. Бар болғанның өзінде онда барлығы түгелдей қамтылмай жүр.
Қазақ даласының әрбір төбесі жазылмаған шежіре іспеттес. Өткенге үңілмей, тереңнен тартқан тарихымызды түгендей алмасымыз айдан анық. Алдағы кезеңде осы бағытта нәтижелі жұмыстар жасағанымыз артық емес. Ескі кезеңнен бүгінге дейін жеткен шежіреге шын мәнінде назар аудармасақ болмайды. Қаншама құпия сол күйінше сырын бүгіп қала береді. Атадан аманатқа айналған құндылыққа адалдық таныту бүгінгі ұрпақтың басты парызының бірі болса керек-ті. Әйтпесе уақыттың өзі қаншама көне шаһарлар мен тарихи ескерткіштерді жым-жылас етіп, олардың орнын сипап қалуымыз әбден мүмкін. Көне мәдениетке көңіл бөлсек дейміз де...