Есірткішілер есіріп барады
«Дельта-Долина» Ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі қызметкерлері «Кендір – 2011» операциясы барысында Жамбыл облысы Меркі ауданының Тәтті ауылынан 8 шақырым солтүстікте құмды аймағынан бұзақылығы, ұрлығы үшін бұрын сотты болған 38 жасар Тараз қаласының тұрғынын ірі көлемді қарасорамен ұстады.
Тексеру барысында одан кептіруге қойылған 672 келі есірткі шөбі тәркіленді. Осыдан бір күн бұрын жамбылдық есірткі бизнесімен, ұйымдасқан қылмыспен күресуші полицейлер мен жол сақшылары жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында, Шу қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Ақтам жер телімінен ұрлығы үшін төрт мәрте сотты болған оңтүстік астананың тұрғынын бір тонна марихуанамен ұстады.
Шопырхан ЖАПАБАЕВ, ІІД ЕБКБ бастығы полиция полковнигі:
– Екі есірткі өндіруші де кінәларын мойындады. Екі дерек бойынша ҚР ҚК 259-баптың 3-бөлімімен (ірі көлемдегі есірткі өнімдерін заңсыз дайындау, сақтау немесе сату) қылмыстық іс қозғалды. Қаскүнемдерге 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Жыл басынан бері «Кендір – 2011» операциясын өткізуде полицейлер 7,5 тоннадан астам марихуананы тәркілеп, 52 есірткі қылмысын ашты, оның ішінде 22-сі сату, үшеуі – контрабанда, төртеуі – есірткі құрамды өсімдікті егу.