Есірткі тасымалдаған "доставщик" қолға түсті
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №53 мекемесі жедел бөлімінің қызметкерлері жедел іс-шараларды жүргізу барысында 25.06.2023 жылы сағат 11.20-лар шамасында №53 мекемесінің сыртқы қоршауының (шаруашылық алаңы) маңына Мопед көлігімен "доставшик" жазуы бар сары түсті сөмке арқалаған күдікті адам байқалған.
Ол өзінің көмкесіне жасырылған ақ түсті полиэтилен пакетті қолына алып, мекеменің ішкі аумағына лақтырып енгізуге әрекеттену барысында ұсталған. Тексеру барысында белгісіз азамат, Шымкент қаласының 20.06.2002 жылы туылғаны Т.С екені анықталған. Оқиға орнына Шымкент қаласы полиция департаментінің Еңбекші АПБ-ның жедел-тергеу тобы шақыртылды.
Ұсталған азаматтың қолындағы ақ түсті пакеттің ішінде қорапқа жасырылған 2 дана сенсорлы ("OPPO", "HUAWEI") ұялы телефондар, 2 дана "TELE 2" сим картасы және 2 дана қуаттағыш болған. Ал екінші орамада спецификалық иісі бар, кептірілген жасыл түсті шөп тәріздес зат бар екені анықталған.
Ұсталған азаматтың жеке басына тінту-тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, шалбарының ішкі жағына жасырылған кішкене полиэтилен пакетке салынған ақ, қара түсті белгісіз заттар және бір дана сіріңке қорабына жасырылған спецификалық иісі бар, кептірілген жасыл шөп тәріздес зат бар екені анықталған.
Тәркіленіп алынған заттар сот-сараптамалық орталығына жолданды. Дерек бойынша Қазақстан Республикасының ҚК-нің 297 бабының 1 бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.
Сот сараптамасының қорытындысымен азамат Т.С.-ның шалбарының қалтасынан тәркіленген полиэтилен пакеттегі ақ, қара түсті белгісіз заттар "мэфедрон" синтетикалық есірткі зат екені анықталған. Ал сіріңке қорабына жасырылған спецификалық иісі бар, кептірілген жасыл шөп тәртіздес заттың "марихуана" есірткі заты екені анықталды.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.