Энергия өндіретін ұйымдарға желілерді өз есебінен жаңғырту міндеттеледі
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің энергия өндіруші ұйымдардың міндеттемелерін енгізу туралы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдардың инфрақұрылымды өз қаражатына жаңғырту жөніндегі қарсы міндеттемелерін енгізуді, сонымен бірге, электр қуаты нарығында қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау енгізуді жоспарлап отыр», - деді Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта энергия өндіруші ұйымдармен жыл сайынғы инвестицияларды қайтарудың жалпы 32 млрд теңге болатын инвестициялық келісімдері аясында 11 жоба (Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және басқа облыстарда) іске асырылуда.
«Жоспарланған жобаларды іске асыру 2027 жылға дейін жалпы қуаты 1 600 МВт-тан асатын генерацияланатын қуатты енгізуге мүмкіндік береді. Қуат көздерінің тозуын 15%-ға төмендету мақсатында 2035 жылға қарай инвестициялық келісімдер бойынша жыл сайынғы инвестицияларды қайтару лимитін жылына 132 млрд теңгеге дейін ұлғайту талап етіледі», - деп толықтырды Премьер.