Энергетика министрі Екібастұздағы апатқа кімнің кінәлі екенін айтты
ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов Екібастұздағы апатқа кім кінәлі екенін айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Екібастұздағы апат – кешенді қателік. Оған станция бастығы немесе инженер ғана кінәлі деп айта алмаймын. ЖЭО-да қысымды көрсететін есептеу құралдарының метрологиясына қатысты сұрақтар болды. Меніңше, датчиктердің бұрыс көрсеткішінен кейін мамандар қысымды жоғарылатуға кіріскен. Сөйтіп, жылу желілеріндегі қысым артты, ал тозығы жеткен желі оған төтеп бере алмады. Коммуналдық қызмет шұғыл шара қабылдамады. Міне, осылардың кесірінен тұрғын үйлер жылусыз қалды. Тұрғын үйлердің жылу құбырлары мен радиаторлар зақымданды. Енді оларды толығымен ауыстыру қажет», - деді министр.
Ақшолақов Энергетика министрлігі генерация мен тікелей станцияға жауап беретінін, ал жылу желілері коммуналдық қызметтің жауапкершілігінде екенін атап өтті.
Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды.
Қоғам белсенділері қала тұрғындарының қыстың көзі қырауда жылусыз қалуына олигарх Клебановты айыптады. Екібастұзға барып, қиын жағдайға тап болған жергілікті тұрғындармен тілдескен Мәжілістің бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдаған.
Бұдан бұрын қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бір апта ішінде Қазақстанның бірнеше жылу электр орталығында апат болуы қауіпті сәйкестік екенін айтқан еді. Оның пікірінше, апаттар қасақана ұйымдастырылуы мүмкін.
Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев Екібастұздағы апаттың себебін анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды.