Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов газ баллон жарылысынан қайтыс болған қыздың отбасына көмек көрсетілетінін айтты. Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Газ баллон жарылған кезде бөлмеде болған қыздың отбасы мен туыстарына көңіл айтамын. Марқұмның отбасына көмек көрсетіледі. Төтенше жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Жедел штаб құрылып, психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету үшін жедел желі 24-51-71, 24-51-47 құрылды", - дейді ол желідегі жазбасында.
 
Қала басшысы төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарын өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырғанын айтты. 
Еске салсақ, бүгін сағат 12.25-те Нұр-сұлтан қаласы ТЖД кезекшілік-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағын ауданындағы кафеге қайта жабдықталған коттеджде газ баллонының жарылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға салдарынан бір қыз қайтыс болды. Сондай-ақ 30-дан аса адам жарақат алған.