Елордада үлескерлердің ақшасын қабылдау құқығы жоқ құрылыс компанияларының тізімі жаңарды
Астанада құрылыстың бастапқы сатысындағы үлескерлердің ақшасын тартуға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жаңартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қолданыстағы заңнаманы айналып өту кезінде жасалған барлық мәмілелер, оның ішінде алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты тізімде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жарамсыз болып табылады.
«Азаматтардың қаражатын сақтау үшін Астана әкімдігі қырағы болуды сұрайды және рұқсат беру құжаттары (құрылысқа рұқсат, «Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы» ШЖҚ РМК оң қорытындысы) болмаған кезде тұрғын үй сатып алудан бас тартқан жөн.
Естеріңізге сала кетейік, үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынады, бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген».
Азаматтар барлық сұрақтар бойынша Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі 9 мекенжайы бойынша «Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ-не хабарласуына болады. Байланыс телефоны: 8 (7172) - 55-04-28, 55-67-03.
Үлескерлердің ақшасын тартуға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының жаңартылған тізімі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.