Елордада Президент штандарты көтерілді
Тұңғыш Президент күнін атап өту әдеттегідей Ақордадан басталды. Ресми шараның негізгі бөлігін бастау мемлекеттік күзет қызметінің мойнында. Сондықтан таңдаулы сарбаздар сап түзеп алдымен Мемлекет басшысының байрағы көкке көтерілді. Сөйтіп әнұранның әуенімен ту тұғырына қонып, соңы әскери шеруге ұласты.
Елдар Бақпаев, тілші
-Бағаналы орда, бас ордаға аттап басу әр адамның арманы. Бүгінгі мереке күні біз көрермендерімізге осындай мүмкіндік ұсынамыз. Ақорданы аралап, атаулы күнге дайындық барысын көрсетеміз.Өйткені Тұңғыш Президент күнін атап өту осы Ақордадан басталады. Ендеше бас ғимараттың ерекшелігіне рет-ретімен тоқталайын. Бұл салтанатты рәсімдерзалы. Шаршы метрі шамамен 3 бөлмелі 17 пәтердің ауданына пара-пар. Бас орданың Басшысы құрметті қонақтарын осы төрге шығарады. Келушілерді сәбиін құшақтаған ана мен жауынгер бейнесі қарсы алады. Мұның да мән-мағынасы тереңде. Бұл ұлт үшін алтын құрсақты ана мен еліне қорған болар азаматтан асқан қазынаның жоқтығын аңғартады. Айналаның бәрі мәрмәр таспен әрленген. Салмағы 3 тоннадан асатын аспалы шам да Ақорданың көркін аша түскендей. Бұл залда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 100-ден астам өзге елдің президенттерін қабылдап, түрлі деңгейдегі кездесулер өткізген. Бұл салтанатты рәсімдер залында өнер көрсету тек Президент оркестріне ғана бұйырған. Өз ісінің шеберлері болса да, музыканттар əр шараға тыңғылықты дайындалады. Қайта-қайта аспаптарын тексеріп, орындайтын шығармаларын пысықтайды. Бүгін де солай. Өйткені көрермендері түрлі елдің президенттері мен лауазымды тұлғалары, ал қатысатын іс-шаралары қашан да мемлекет үшін маңызды. Құрмет қарауылының сарбаздары да соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Бұлар Қазақстан әскерінің элитасы саналады. Ақорда осы азаматтарға аманатталған. Президенттің қатысуымен өтетін барлық салтанатты рәсімдерде сап түзейді, шет мемлекеттердің бірінші тұлғаларын күтіп алады. Бірер уақыттан кейін жігіттердің жүзіндегі бұл күлкі сап тыйылады. Екі-үш сағат тапжылмай аяғынан тік тұру екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ ең қиыны ол емес. Бұл сарбаздар үш-төрт айдың ішінде сүңгі пышақпен орындалатын барлық қауіпті трюктарды меңгереді. Арқалаған міндеттері жеңіл емес, жүктелген талап та жоғары. Денсаулығы мықты, түр-тұлғасы келіскен, бойы ұзын, білімі жоғары болуы шарт. Бетінде тыртығы, өмірбаянында міні болмауы керек. Өздері былай тұрсын, туысқандарының арасында заңға қайшы келгендер болса іріктеуден өтпейді. Бір сөзбен айтқанда тырнағының ұшына дейін мінсіз жігіттер ғана қарауыл сарбазы атана алады. Ақорданың алдында «Айбын» Президенттік полкінің сардарлары сап түзеді. Шарадан шашау шығармай өткізуге бүгінгі ауа райы да септігін тигізіп тұрғандай. Бойында қайраты, жүзінде айбаты бар әскерилер міндетті мінсіз атқарды. Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал-лейтенат Күреңбековке баяндама жасады. Осылай əуелеген əнұран үнімен Мемлекет басшысының байрағы да тұғырына қонды. Демек қос тудың көкте желбіреуі Тұңғыш Президент күнін ресми түрде тойлауға пәрмен берілгенін айғақтайды.