«Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны да Алматы өңірінде дүниеге келген болатын» - Амандық Баталов
Алаш баласы қазақ елінің саны 19 миллионға толды бөркін аспанға атып қуанып жатыр. Ел тұрғындары Алматыда дүниеге келген Жәния есімді кішкентай сәбиге ұзақ ғұмыр тілеп, ақылды қыз болып өссін деген ақжарма тілектерін білдіруде.
Бір қызығы, еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны да осы Алматы өңірінде дүниеге келген екен. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әкім 19 миллионыншы тұрғын туралы игі жаңалықты жақсылыққа жоритынын атап өткен.
«Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Азаматқызы Жанияның бауы
берік болсын!
Осыдан төрт жыл бұрын да дәл осындай қуанышқа кенеліп едік. Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы Талдықорғанда дүниеге келген болатын. Сол кезде бұл сүйінші хабарды көлікте кетіп бара
жатқанымда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов телефон шалып айтқан еді. Биыл да 19 миллионыншы тұрғын туралы игі жаңалықты тағы да Тимур Мұратұлы хабарлады. Осылайша қуанышқа қуаныш қосылып жатыр.
Дегенмен қызық дерек болған соң мен одан мұндай есептің қалай жүргізілетінін сұрадым. Ол реттік қатарды
электронды база автоматты түрде өзі есептеп шығаратынын айтты. Шынында, керемет сәйкестік! Осылайша Алматы облысының қатарынан екі рет мерейі үстем болды!
Алматы облысы – Елбасымыздың да, Президентіміздің де туған жері.
Өңір барлық салаларда алдыңғы қатарда. Соның нәтижесінде туу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Мәселен, біздің облыста жыл сайын 50 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады. Балалар - біздің байлығымыз!
Сондықтан 19 миллионыншы тұрғынның да жер жаннаты Жетісуда өмірге келуі - біз үшін үлкен қуаныш! Осындай жақсылықтар жақсылыққа ұласа берсін.
Жанияның дені сау, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын!», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.