Елбасының назарына: «Қазақ киносының алтын қоры Ресей қоймаларында шіріп бітетін болды»
Кеңес Одағы заманында түсірілген қазақ киносының барлық түпнұсқасы Ресей мұрағаттарында шаң басып жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда бұл мәселемен ешкім айналысқан жоқ. Ел іргесі бекіп, орнықты даму жолында саяси, әлеуметтік-экономикалық өркендеудің озық үлгісін көрсете алдық деп мақтанышпен айтып келеміз. Бірақ, ұлт руханияты үшін маңызды, мәдениет үшін таптырмас қазына қазақ киносының інжу-маржаны саналатын халықтық мұралар бөтен елдің жерінде сақтаулы тұр.
Ресейдің мемлекеттік фильмдер қорында жатқан ұлттық фильмдеріміздің түпнұсқасын елге алдыруға мемлекет мүдделі болуы керек еді. Өкінішке қарай, осы күнге дейін Қазақстан киносының «Алтын қоры» Ресей меншігінде қалып отыр.
Бұл мәселені былтыр күзде қазақтың атақты режиссері, ұлттық кино мақтанышы Абдолла Қарсақбаевтың ұрпақтары көтерген болатын. Ол кезде режиссердің ұлы мен келіні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдаған. Кинематографистер Тоқтар Қарсақбаев пен Майра Қарсақбаева ұзақ жылдан бері кино саласында еңбек етіп келеді, продюсерлікпен айналысады. Олар Президентке жазған хатында ондаған жыл бойы шешімі табылмаған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, көмек сұраған. Мәскеудегі қорда Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалиндердің жауһар туындылары жатқанын, оларды цифрлық жүйеге көшіру керектігін айтып, дабыл қаққан еді.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне тағы да сұқбат берген Майра Қарсақбаева былтыр қыркүйек айында айтылған мәселенің өз деңгейінде шешілмей отырғанын тілге тиек етті. Ол кезде қазақ киносының бүгінгі жағдайы баспасөз беттерінде көтеріліп, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Әлі күнге дейін өзіміз сүйсініп көретін «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерінің Ресей меншігінде жатуы расында да қисынға келмейді. Хат жазылған соң аталған мәселе тиісті ұйымдарда қаралып, Президент аппаратынан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тапсырылыпты.
«Бұдан соң 2021 жылдың 21 қаңтарында Мәдениет және спорт министірлігінен хат алдық, онда қос елдің тиісті министрлік басшылары телефон арқылы сөйлесіп, «Алтын қордың» 5 фильмін тегін сандық жүйеге ауыстыруға келіскендігі жайында ақжолтай жаңалықты сүйіншілей жеткізген-ді. Қазір Ресейде «Алтын қордың» барлығы 50 шақты фильмі және 150-дей өзге фильмдеріміз жатыр. Бірақ, соңғы уақытта Мәдениет және спорт министірлігі аталған мәселенің ендігі шешілу барысы жайындағы сауалдарымызға жауап бермейтін болды. 2021 жылы 17 наурыз күні Қазақфильмнің цифрлық комплекс бөліміне телефон соғып, мынадай мәлімет алдық: Мәдениет және спорт министірлігі Ресейдің қорынан жыл сайын 5 фильмді сандық жүйеге өткізіп елге қайтаруға уағдаласқан. Солай есептегенде фильмдер толық қайтарылуы үшін әлі де 30 жылдай күтуіміз керек болады екен», - дейді Майра Қарсақбаева.
Ұлттық мұраға жанашырлық танытып, мәселені қайта-қайта көтеріп жүрген Майра Қарсақбаева салалық министрлікке де, Президент әкімшілігіне де реніші жоқ екенін айтады. Саналы патриоттық сезіммен алтын қорды қайтаруға бір адамдай атсалысып, бір-бірімізді айыптамай-ақ мақсатқа жетуді қалаймыз дейді ол. Бұл сұрақ Нұрсұлтан Назарбаевтың президент кезінен бері көтеріліп келе жатқандықтан, киногерлер Елбасының да атына хат жолдауды жөн көрдік деп отыр.
«Біз отбасымызбен осы тақырыпты былтыр да БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде көтердік. Көптеген репост болды. Қызу талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевақа хат жаздық. Ол кісі де көмекшісі Тамара Дүйсеноваға және министр Ақтоты Райымқұловаға жүктеді. Олар өз деңгейінде атсалысуға тырысты. Біздің министр Ресей Федерациясының мәдениет министрімен сөйлесіп, қадамдар жасады. Бірақ ол нәтиже береді дегенге сенбей отырмыз. Себебі бұл ауқымды шаруа. Оған өте көп қаражат қажет. РФ тарапы бір фильмді цифрлық жүйгеге көшіріп, бізге беру үшін жүз мыңдаған АҚШ долларын сұрап отыр. Мұндай қаражатты қазақ киносының інжу-маржандарын сақтап қалуға атқарушы билік қимай отырған сияқты. Сондықтан Елбасыдан бұл істі меценаттарға жүктеп немесе өз ықпалымен Владимир Путинге хабарласу арқылы шешуді сұраймыз», - деді М.Қарсақбаева.
Қарсақбаевтар отбасы
Бастамашылар бұл мәселені халық жазушысы, ақын, ертеде «Қазақфильм» киностудиясын басқарған Олжас Сүлейменовке айтқан. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, алтын қорды қайтару бойынша комиссия құруды сұрапты.
«Мен, Олжас Сүлейменов, бұл мәселемен бұрыннан таныспын. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға телефон соғып, аталған мәселе бойынша Майра Қарсақбаеваны қабылдауды сұрадым. 2020 жылы 8 қазанында Ақтоты Райымқұлова Майра Қарсақбаевамен кездесу өткізіп, мәселенің мән-жайы егжей-тегжей баяндалды. Ол кездесуде Майра Қарсақбаева Мәскеудегі «Алтын қор» жатқан Госфильмофондпен талай мәрте хабарласқаны жайлы мәлімдеме жасап, қазақ фильмдерінің сандық жүйеге түсірілуінің сметасын (госфильмофонд жасаған) тапсырды. Бұдан соң 2020 жылдың 6 қарашасында Майра Қарсақбаева Президент Қ.К.Тоқаевтың көмекшісі Тамара Дүйсеновамен кездесіп, барлық мәліметтерді және Госфильмофондтың сметаларын тапсырды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Егемендік алғанымызға аттай 30 жыл өтсе де, әлі күнге дейін «Алтын қордағы» фильмдерімізді елге қайтара алмай келеміз. Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына сүйенсек, біз тағы да 30 жыл күтуіміз керек. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов және Мәжит Бегалин сынды қазақ киносының майталман мамандары түсірген жауһар фильмдер Ресейде шіру үшін жасалған жоқ. Неге шіріп жатыр дейміз? Себебі түпнұсқа таспалар керемет жағдайда сақталса да, сандық жүйеге ауыстырылмаған күнде сапасы сәт сайын құртыла бермек. Осылайша қазақ киноларының түпнұсқа негативтері Ресей елінің ұлттық мұрасына айналып отыр.
Жеті ай бойы осы мәселені мемлекет деңгейінде шешуге атсалыса жүріп, мәселенің министрлік деңгейінде шешілмейтініне көзіміз жетті. Аталған мәселені ұлттық мүдде тұрғысынан шешу, ұлттық фильмдердімізді сандық жүйеге түсіріп елге қайтару тек қана Сіздің қолыңыздан келеді. Өзіңіз тікелей араласып, Ресей Президенті В.В. Путин арқылы арнайы қаулы негізінде шешуіңізді сұраймыз.
Жалпы алғанда, бір фильмді сандық жүйеге көшіруге 2 апта уақыт жұмсалады. Госфильмофондтың сметасы бойынша бір фильмді сандық жүйеге ауыстыруға шамамен 116 000$ қажет. Ал кинолардың түпнұсқа негативін Ресейде қалдыру керек, себебі Қазақстанда оларды сақтауға арнайы жағдай жасалған ғимарат жоқ.
Осы ретте «Алтын қорды» елге қайтару бойынша арнайы комиссия құруыңызды, оған жауапты адамдардың бірі етіп Майра Қарсақбаеваны (Абдолла Қарсақбаевтың келіні) сайласаңыз деймін. «Алтын қорды» елге қайтару қазақ кино өнерінің классигі Абдолла Қарсақбаевтың көзі тірісіндегі аманаты еді. Майра Қарсақбаеваны кездесуге қабылдасаңыз, талайдан бері көтеріліп келе жатқант өзекті мәселені толық баяндап беруге дайын», - делінген Олжас Сүлейменовтің Елбасыға жолдаған үндеуінде.
Қазақ киносының өткені мен болашағына алаңдаған зиялылар қандайда бір мемлекеттік органды айыптаудан аулақпыз дейді.
«Бұл мәселе бәрібір ертең ұрпақтың алдынан шығады. Оны біз шешіп, ең құрығанда жартылай болса да атқарып, халықтың әлі күнге дейін сүйіп көретін туындыларын елге әкеліп, сапалы жағдайға келтіріп, өңдеуге міндеттіміз. Ол үшін Үкімет, салалық министрлік бюджет қаражатын бөлу кезінде, ұлт болашағына жанашырлық пен мүдделік танытуы маңызды. Бұл шаруа мемлекет қаражаты мен жекелеген кәсіпкерлердің атсалысуы арқылы шешілетініне сенімдіміз. Олай болмаса, бұл – ұлттығымыз бен мемлекеттігімізге сын», - дейді үндеу авторлары.
Автордан: Редакция еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып, Ресейде сақтаулы тұрған ұлттық кино қорына қатысты жоспарларын сұрап білуге тырысты. Алайда, мемлекеттік ведмоствоның баспасөз хатшысы Әсел Серікбаева біздің сұрауымызды жауапсыз қалдырды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы