Журналист әрі қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы Facebook-тегі парақшасында «өскенде үйді қайтарып беремін» деп елден көмек сұраған 9 жасар Оразымбетке шүйлікті, деп хабарлады turkystan.kz.
«Бір кішкентай балапанға халық үй сыйлапты, жүрегі жарыла қуанып, рахмет айтып тұрған балақанның видеосын көріп қалдым. Құтты болсын! Өсіп-өніп, жаңа шаңырағы қарашаңыраққа айналсын! Анасы аман болсын! Бір адам қуанса, қуанамыз ғой. Ал ана мен баланың қуанғаны – Құдайдың қуанғаны. Тек… әлгі баланың алғыс айтқан видеосын қарап отырғанда, «қап, әттеген-ай!… деген бір түйткіл тұрды көкейде», – дейді қоғам белсендісі.
Оның айтуынша, кіп-кішкентай, бесіктен белі шықпаған баланың екі сөзінің бірі – «Аллах, Иншаллах, Машаллах, жәннат…» сияқты араби сөздер. Соған қарағанда, үй сыйлаған сақалиттер шығар. Араби діннің дәні түсіп үлгеріпті.
«Өзегіне құрт боп түспесе екен. Жүрегіне нұр боп құйылса екен. Балалардың, жеткіншектердің өзегі берік болуы, әртүрлі ағымның жетегінде кетпеуі – отбасымен бірге мектеп мұғалімдеріне бірдей байланысты. Бүгін мектеп оқушыларының өзегіне ұлттық нәрді құймасақ, ертең ол вакуумға «қоқыс» толады да, міне, сол кезде нағыз қасірет, нағыз трагедия болады. Ол кезде Тәуелсіздігіміз де бәйгеге тігіледі. Балапандарды араби уағыздан сақтайықшы!», – деп жазды ол.