EFQM-нің Жетістікті мойындау саласындағы сертификаты - Астана әкімдігіне берілген баға
2011 жылғы 19 желтоқсан күні кешке Брюссельде Avenue des Olympiades, 2 мекенжайы бойынша орналасқан Еуропалық сапа менеджменті қорының штаб-пәтерінде Астана қаласының муниципалитетіне (әкімдігі) Жетістікті мойындау саласындағы сертификатты табыс ету салтанаты болып өтті.
Салтанат барысында EFQM бас директоры Пьер Каше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа сертификат табыс етті. Жетістікті мойындау саласындағы EFQM сертификаты Қазақстан елордасы әкімшілігінің өз қызметінде Еуропада таралған басқару сапасының стандарттарына сәйкес болуға ұмтылатындығын дәлелдейді деп атап өтті ол. Осылайша, Астана қаласының әкімдігі Еуропалық сапа менеджменті қорының сертификатына ие болған Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік мекеме атанды. Әлем бойынша біз осындай жоғары мәртебеге ие болған төртінші муниципалитет болып табыламыз. Дәстүр бойынша EFQM сертификатына коммерциялық кәсіпорындар ие болады, бірақ соңғы жылдары EFQM-нің іскерлік жетілдіру моделі бұқаралық сектор мекемелерінде, соның ішінде мемлекеттік басқару саласында да қолданылып жүр. 2008 жылы EFQM сертификатын Түркияның Бурса қаласы, Польшаның Джержониов қаласы – 2010 жылы, ал 2011 жылы Испанияның Киудад қаласы алды. Салтанатты рәсім барысында Астана қаласының әкімдігі EFQM табысты еуропалық ұйымдарының қатарына қосылды деп аталып өтті. Бұл оның имиджіне оң әсер етері сөзсіз. «Біз үшін соңғы бір жыл бойы әкім аппаратында және әкімдік басқармаларында Жетілдірудің фундаменталды тұжырымдамаларын, Жетілдіру критерийлерін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмысын бағалауға арналған РАДАР құрылғысын қолдану үлкен міндет жүктеді», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Қожағапанов. «EFQM тарапынан жүргізілген сыртқы тәуелсіз бағалау қала әкімшілігіне өз жұмысына жаңаша қарап, жұмысының жақсы жақтарын, жетілдіру қажет тұстарын саралап, мүдделі тараптардың қызығушылығын қанағаттандыру, одан әрі жетілдіруге бағытталған қызмет тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап кетті ол. Астана қаласы әкімдігінің сапа менеджментін бағалауды EFQM мүшелері – асессорлар Тадеуш Бучаш, Адриано Ручини, Азат Әбдірахманов, Олег Кайназаров жүргізді. Олар Қазақстан елордасы әкімінің аппараты мен 11 қалалық басқарма мен құрылымдардың жұмысын зерттеп, қор жасақтаған әдістемеге сәйкес тоғыз критерий бойынша сараптама жасады, олар: көшбасшылық; стратегия; қызметкерлер; әріптестік және ресурстар; үдерістер, өнім және қызметтер; тұтынушылар үшін нәтижелер; қызметкерлер үшін нәтижелер; қоғам үшін нәтижелер; негізгі қорытындылар. Еуропалық сапа менеджменті қорының Жетістікті мойындау саласындағы сертификатын табыс ету – қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстағы Астана әкімдігінің елеулі жетістігі.