Еділ патшаға ескерткіш қойылды
Еділ патшаның өмір тарихы, оның билігіндегі елдер, жүріп өткен жолдары, кейінгі ұрпақтың жадында қалған бейнесі туралы Франция мәдениет министрлігі аса жоғары бағалайды. Тарихи тұлғаларды қастерлеуді француздардың алғашқы орынға қоятынын көптеген игілікті істері дәлелдеп отыр. Франция елінде Аттилаға қатысты аталатын лагерь ЮНЕСКО-ның қамқорлығында екен. Аттила атында мұражай да бар. 3 маусымды Дүниежүзілік Аттила күні деп жариялаған. Сол күні Францияның Шепп қаласының орталығына Аттиланың ескерткішін орнатты.
Осы ескерткіштің ашылу салтанатына Шепп қаласы мэрінің шақыруымен, Франциядағы Аттила қауымдастығының мүшелері Ө.Байгелді, Ө.Қопабаев, Е.Омаров, Қ.Жұмағұлов, Х.Ғабжәлелов, Ж.Әкім, Ғ.Жәкеев сынды қазақстандық бір топ қоғам қайраткерлері мен тарихшылар барып қайтқан еді.
Өмірәлі ҚОПАБАЕВ, Д.Қонаев университетінің ректоры:
– Франция елінің ғұн империясының бастаушысы Еділ патшаға ескерткіш қойып жатқаны, игілікті іске бізді шақыруы – үлкен мәртебе. Польшаның түбіндегі бір шағын қалада сурет колледжі бар. Ескерткіштің авторы сол колледжде суреттен сабақ беретін әйел екен. Киіз үй етіп жасалған тұғырға ат үстіндегі Аттила бейнесі орнатылған. Міне, осындай Еділ патша туралы тарихты білу жастар үшін керек.
Еренғайып ОМАРОВ, «Қайнар» университетінің ректоры, тарихшы:
– «Біз де ғұндардың ұрпағымыз» деп, біз барғанға дейін Моңғолия өкілдері келіп, киіз үй құрып, көк ту тігіп кетіпті. Осындай дүниежүзі атсалысып жатқан шараға біздің еліміз де қарап қалып жатқан жоқ. Біздің Ұлттық банк Аттила бейнесінде шығарған алтын монета Халықаралық конкурста бірінші орын алған еді. Біздің ұсынысымызды Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қолдап, Астанадан көше атын беруді комиссия қарап жатқанын мәлімдеді.