Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақты іске қосудың дайындығын қорытындылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2015 жыл тарихқа еуразиялық ықпалдастықтың жаңа кезеңі ретінде кіреді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді. Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде тұңғыш рет ерікті, теңқұқылы және өзара тиімді негізде қуатты табиғи және ресурстық әлеуеті, жаһандық және өңірлік ауқымда стратегиялық маңызды көлік, энергетика және технологиялық жүйесі бар экономикалық бірлестік құрылады. Еуразиялық экономикалық одақ ең алдымен қарапайым адамдар мен олардың мүдделері үшін құрылды. Балтықтан Тынық мұхитына дейінгі, Арктикадан Тянь-Шаньға дейінгі орасан кеңістікте Одаққа мүше мемлекеттердің 180 миллионға жуық азаматы бизнес жүргізуге, еркін сауда мен жұмыспен қамтылуға, коммуникацияларды пайдалануға, өңіраралық ынтымақтастық пен өзара гуманитарлық ықпалдастықты кеңейтуге тең мүмкіндіктер алады", - деді Назарбаев.
Қазақстан Президенті ЕАЭО-ға қатысушылар берік экономикалық іргетас құру арқылы оған мүше елдер мен халықтар арасындағы достықты, тату көршілік пен сенімді нығайта алатынын айтты. "Экономикалық тұрғыдан ықпалдаса отырып, біз саяси егемендіктің, мәдени тәуелсіздіктің және халықтарымыздың тілдік бірегейлігінің мызғымас қағидаттарын нығайтамыз. Сонымен бірге, әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық, санкциялық саясат, әлемнің жетекші державалары арасындағы сенімнің әлсіреуі, саяси ахуалдың ушығу қаупі Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасу үдерісіне ықпал ететін болады. Біз бұл сын-қатерлердің бәрін ескереміз", - деді Президент.
Назарбаевтың айтуынша, ЕАЭО елдері үлкен жұмысқа және жаңа сын-қатерлерге дайын болуы тиіс. "Біздің одақ құруға бастаған жолымыз екі онжылдыққа созылды. Ол менің 1994 жылы М.Ломоносов атындағы ММУ-де сөйлеген кезімде ұсынылған идеядан нақты іс жүзіндегі шешімге айналды. Әрбір еліміздің ұлттық мүдделері, экономикалық мүмкіндіктері ескерілген барлық қажетті мемлекетаралық құжаттарды дайындау үшін орасан жұмыс атқарылды. Мұның ар жағында сарапшылардың, саясаткерлердің, депутаттардың, бизнес пен мемлекеттеріміздегі жұртшылық өкілдерінің зор еңбегі тұр", - деді ол.
Мемлекет басшысы баршаға атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, ЕАЭО-ға қатысушылар саны ұлғаюы үшін бәрін жасау қажет екенін атап өтті. "Біздің экономикалық одақ – әлемнің барлық ықпалдастық бірлестіктерімен, соның ішінде, Еуропалық одақпен де өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық ұйым. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанның барша азаматын Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен шын жүректен құттықтаймын!" - деді Президент.