Депутаттар утиль жинауға мораторий жариялауды сұрады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биылғы11 қаңтардағы Мәжілістің отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке утиль жинақтауға қатысты есептеу тәртібін қайта қарау және жеке мекеме орнына мемлекеттік операторды қарастыруды тапсырған болатын. Утиль жинақтаудың шамадан тыс бағалануы әрі жеке оператордың ашық емес қызметі, депутаттар тарапынан бірнеше рет көтерілген және тұрғындар үшін өте сезімтал сұрақтардың бірі», - деді депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар, жеке операторға сатып алынатын техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай, 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утиль жинауды төлеген. Мұндай заңды «бопсалаудың» нәтижесі елімізде көліктердің қымбаттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өсті. Осының салдарынан ескі көліктердің де бағасы көтеріліп кетті.
«Көрші елдермен баға айырмашылығы елге шетелдік көліктердің белсенді түрде тіркеусіз әкелінуіне мүмкіндік берді. Қазақстанға шетелдік нөмірлері бар 200 мыңнан астам көлік кірген, олардың көпшілігі ескірген, ал кейбіреуі тіпті қылмыстық мүлік. Сонымен қатар, 2021 жылдың маусымынан бастап кабель мен сым өнімдерінің құнына да 5% утиль жинау қарастырылған. Осы мәселелерге қатысты Президенттің тапсырмасын халық зор ықыласпен қабылдады. Бірақ, біз бүгін, тапсырмалардың басқаша атқарылып отырғанын көріп отырмыз. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жеке оператордың құқықтарын мемлекеттік акционарлық қоғам «Жасыл Дамуға» дереу беруді көздейтін Қаулының жобасы орналастырылды. Бұл Қаулы жобасына сәйкес, бес жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылып қалатын сияқты. Жалпы утиль жинаудан түскен қаржы туралы әр түрлі цифрлар айтылуда. Жеке оператордың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметіне қарасақ, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін түскен қаржы 600 млрд-тан теңгеден астам. Бұл қыруар қаржы қайда кеткен? Ол жөнінде толық дерек жоқ. Біз тәуелсіз аудит нәтижелерінің орнына Экологиялық Кодекстен жеке оператордың ақшаны «идея бойынша» неге жұмсау керек екендігі туралы ақпарат аламыз», - деді депутат.