Делдалдарға тосқауыл керек
Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданында ірі қара мал арасында бруцеллез өршіп тұр. Соңғы жылдары ауданда жұқпалы дертке шалдыққан ірі қара саны артқан. Ал көктемгі егу кезінде қауіпті дерттің үш ауылда бірдей дендеп кеткені анықталды. Осакаров – Қарағанды мен Астана базарларын ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін бірден-бір аудан.
Көктемде шағын ғана үш ауылда 150 ірі қара бруцеллезге шалдыққан деген дерек аудан тұрғындарын дүрліктірген еді. Сол кезде зертхана қорытындысына сәйкес, Приишимский ауылында 40 бас ірі қара бруцеллез екені анықталды.
Ауылдықтар соңғы үш жыл ішінде ветеринарлардың кеңесімен 800 бас ауру малдың етін жарты бағасына алыпсатарларға өткізіп үлгерген. Өршіп кеткен дерттің бетін қайтару қиындық туғызып отыр. Енді дәрігерлер «қолдағы ауру малдың көзін түгелдей жою керек» дейді. Ал мал иелері күнкөріс көзі болып отырған түліктен айырылғысы жоқ. Тұрғындар мен ветеринар мамандар бір мәмілеге келе алмай отыр. Приишимский ауылының тұрғыны Татьяна Евсеева соңғы үш жылда 14 бас ірі қараның 12-сін сойып сатқан. 80-100 мың теңге тұратын малды 40 мыңға тапсырған. «Енді қалған екі сиыр ауру, олардың да көзін құрт дейді. Сонда балаларымды немен асырамақпын?», – дейді ол. Ал дәл осы ауылдың тұрғыны Николай Кривошеев: «Уақыт оздырмай, ауру малдан құтылған жөн. Алақандай ауылда қазірдің өзінде сегіз адам бруцеллезге шалдыққан», – дейді.
Мамандар ауру малдың етін арнайы өңдеуден өткізетін комбинаттарға тапсыруға кеңес береді. Бірақ жарты бағасына ірі қара етін қолға түсірген алыпсатар Астана мен Қарағанды базарларында саудасының көрігін қыздырып жатса, ғажап емес. Шикі сүттен жасалатын тағамдар тіпті қауіпті. Өнімдер қайда сатылып, оны кімдер тұтынып жатыр? Мұны қадағалап отырған ешкім жоқ.
Анық-қанық
Бруцеллез – адамды ұзақ мерзімге дейін еңбекке қабілеттіліктен айыратын жұқпалы ауру. Бруцеллезбен ауыл шаруашылығының барлық малдары, әсіресе қой, ешкі, ірі қара малдар және шошқа көп ауырады.
Бруцеллез ауру малдарды сау малдармен бірге ұстаған кезде жұғады. Адамға да жұқпалы. Ауру жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі (39-400-қа дейін), безгектік, бас ауруы, ұйқының бұзылуы, тәбеттің нашарлауы, бауыр мен көкбауырдың ісінуі, терлеу, қақсау (әсіресе түнде) пайда болады. Бірнеше күннен немесе аптадан кейін тізеде, жамбас бүйірде, өкшеде, иықта, көп жағдайда шынтақ буынында ісік пайда болады.