Дауылдан кейінгі жағдай әлі қалпына келген жоқ
Жамбыл облысындағы Қаратау және Жаңатас қалаларында қаңтардың 12-сінде болған дүлей дауылдың салдарын жою әлі жалғасып жатыр. Талас ауданында 46 әлеуметтік нысанның 15-і ғана жөнделген.
Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қаратау қаласында көппәтерлі 123 үйдің 48-і бойынша жөндеу аяқталды. Ауданда дауыл зақымдаған нысандардың 11-і әлі жөнделіп біткен жоқ. Ал қалпына келген ғимараттардың ішінде бес мектеп, бес балабақша мен үш денсаулық сақтау мекемесі бар. 14 әкімшілік ғимараттың 8-і ғана жөнделген. Олардың дені – Қаратау қаласында. Әкімдік мамандары аудандағы қалпына келтіру жұмыстары жалпы 40%-ға аяқталды деп отыр. Бұл жұмыстарға 52 мердігер мекеме жұмылдырылған. Сарысу ауданында жағдай 30%-ға қалпына келді. Көппәтерлі 64 үйдің – 9-ы, 41 әлеуметтік нысанның 21-і жөнделген. Аудандағы зақымданған нысандарды жөндеу 45 құрылыс мекемесіне жүктелді. Дүлей дауылдан соң жұмысы тоқтап қалған білім беру және денсаулық сақтау нысандары қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ал төтенше жағдай шығынын анықтау мен өтеу үшін құрылған комиссия жұмысын аяқтаған жоқ. Еске сала кетейік, қаңтардың 22-сі күні Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев қалпына келтірушілерге жұмысты жылдамдатуды тапсырған болатын. Дүлей дауыл қаңтардың 12-сі күні болып, облыстың орталығында, Талас, Сарысу, Жуалы, Жамбыл, Байзақ аудандарында барлығы 70-ке жуық елді мекен жарықсыз қалды. Электр тарататын 375 нысан зақымданып, 45 шақырым электр желісі үзілді. Көпқабатты 425 нысанның шатыры ұшып кетті. Көшелерді құлаған ағаштар, шашылған құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтар басты. Қаратау қаласында жылу қазандығының мұржасы құлап, тұрғындар жылусыз, сусыз және көгілдір отынсыз қалған еді. Үкімет табиғи апат салдарын жоюға 800 млн теңге бөлді.