ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ведомствоның байланыс қызметін көрсету ережесіне жаңа өзгертулер енгізгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Министрдің айтуынша, бұл өзгертулер ұялы байланыс абоненттері көптен бері айтып жүрген бірқатар проблеманы шешуге бағытталып отыр.
"Осыған бірнеше мысал келтіре кетейін. Жаңа ереже байланыс операторларына жеке шотта қаражат болмаған жағдайда қызмет көрсетуге тосқауыл қойып отыр. Бұл - негізінен роуминг қызметіне қатысты. Осылайша, біз абоненттік номердің "минус" болуының, яғни қарыз болып қалуының алдын аламыз. Сондай-ақ, бұдан былай ауыстырылған номерге қоңырау шалу кезінде "beep" қосу сигналын еріктен тыс орнату практикасы жойылады. Енді шақыру сигналының алдында қосымша акустикалық сигналдар мен паузаларды орнату абоненттің өтінішімен ғана іске асады", - деп жазды министр.
Сонымен қатар, абонентке ussd командасы немесе смс жіберуді енгізу арқылы қосымша байланыс қызметтерін таңу проблемасының шешілгені айтылады.
"Енді клавишті қателесіп басу, кездейсоқ хабарлама жіберу немесе басқа да байқаусызда болған әрекеттер салдарынан қажетсіз қызметтерге қосылып кетпейсіз. Жақын уақытта құжаттың толық мәтіні БАҚ-та жарияланады, осыдан кейін 10 күннен соң ол күшіне енеді", - деді Дәурен Абаев.