Дәрігерлер 8-қабаттан құлаған азаматтың өмірін сақтап қалды
Алматылық дәрігерлер 8-қабаттан құлап кеткен ер адамды аман алып қалды. Оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде бірнеше ота жасалды.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламаға сүйенсек, 19 жастағы жігіт аурухананың қабылдау бөліміне аса ауыр халде жеткізілген. Пациент шұғыл түрде жан сақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның миы шайқалып, жабық бас-ми жарақатын, салдарынан бірінші-екінші дәрежелі травматикалық шок алғанын және көптеген сүйектері сынғанын анықтады.
Орталық қалалық клиникалық аурухананың Ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекеловтің айтуынша, жан сақтау бөлімі қызметкерлері алдымен пациентті жарақат салдарынан болған шоктан арылтты. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін екі күннен соң дәрігерлер ота жасау туралы шешім қабылдады.
«Екі кезеңмен бірнеше операция жасалды. Бірінші ота «сынған жамбас сүйегін ашық репозициялау, пластинамен және бұрандалармен бекіту» деп аталады. Науқас есін жиып, жағдайы жақсарған соң екінші ота жасалды. Бұл операция барысында сүйек тіндерін сынған жерден бір-біріне жалғап, металл конструкциялардың көмегімен жалғадық», – дейді Қанат Тәуекелов.
Мамандар сөзіне сүйенсек, жоғары технологиялардың көмегімен жасалған операция аса күрделі манипуляциялар қатарына жатады. Мұндай оталар МӘМС пакеті шеңберінде ғана жасалады|.
«Біз пациентті емдеу барысында оның өмірін сақтап қалуды басты мақсат етіп қойдық, – дейді Қанат Тәуекелов. – Сонымен қатар мүгедек болып қалмауы үшін барымызды салдық. Нәтижесінде біз науқастың өмірін сақтап қана қоймай, аяққа тұрғыздық».
Бір айта кетерлігі, пациент операциядан кейін екінші күні-ақ аяққа тұрды. Орталық қалалық клиникалық ауруханада реабилитациядан өтті. Бүгінде ауруханадан шыққан жас жігіт өз бетінше жүріп-тұрады, дейді дәрігер.