ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының шеңберінде 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның сөзінше, салалық министрліктердің бағалауы бойынша 2023 жылы экономиканың секторларында бұрын мақұлданған мәндерде оң серпін күтілуде.
«2022 жылғы ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) бойынша жедел деректерге, 2023 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлардың бағалары бойынша жаңартылған болжамдарға сүйене отырып, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері бұрын мақұлданған деңгейде сақталды», - деді вице-министр.
ЖІӨ-нің нақты өсуі 4% деңгейінде
Мұнай бағасы – барреліне $85
Мұнай өндіру көлемі – 92,6 млн. тонна.
«Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда мен көлік салаларында өсу болжамдары да сақталды. Экспорттың көлемі $80,9 млрд, импорт $45,7 млрд. деңгейінде сақталды», - деді ол.
2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1% немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжануда.
Атап айтқанда, ағымдағы жылы бюджет кірістерінің біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғаяды деп күтілуде.
«Ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылатын болады. 2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн. теңге көлемінде немесеЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн. теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн. теңгені құрайды», - деді Б.Омарбеков.