Бүгін түсте күн мен түн теңеледі!
Биыл күн мен түннің теңелер сәті наурыздың 20-сы, яғни бүгінге сәйкес келіп отыр. Астрономиялық көктем Астана уақыты бойынша сағат 13:02-де туады.
Бүкіләлемдік үйлестірілген уақыт (UTC) стандарты сайтының мәліметінше, биыл күн мен түннің көктемгі теңелуі біздің күнтізбемізде наурыздың 20-сына, ал күннің ұзарып барып тоқырауы маусымның 21-іне сәйкес келіп отыр. Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Айталық, тәуліктің орташа температурасы Цельсий бойынша 0 градустан асқанда климаттық көктем басталады делінеді. Ал қар ери бастағанда фенологиялық көктем туып, содан итмұрын гүлдейтін кезеңге дейін жалғасады. Көктемді сүйір жапырақты үйеңкінің шырын беретін сәтінен бастау амалы да бар. Бірақ Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктемнің басы – осы күн мен түннің теңелу сәті. Дана халқымыз бұл уақытты жылдың басы деп есептеп, осы кезеңде ұлан-асыр той жасаған. Биыл Ұлыстың ұлы күнінде күн құбылмалы болады, мамандардың айтуынша, мейрам кезінде наурызша жауады.
Жанат Сатыбалдиева, «Қазгидромет» РМК Гидрометеорология орталығының жетекші инженері:
– Наурыздың 21-22-23 күндері күн бұзылады, құбылмалы ауа райы бірнеше тәулік бойы сақталады. Мейрамды жауын-шашынды ауа райымен өткіземіз. Оңтүстік аймақтарда жаңбырдың арты жылбысқы қарға айналады, солтүстік аймақтарда жылбысқы қардың арты қалың қарға ұласуы мүмкін, еліміздің көп бөлігінде екпіні 18 м/с-ке жететін жел соғады, оңтүстік-шығыс аймақтарда да жел күшейеді.