Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.
Шығыс елдерінің кезіндегі күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан.
«Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.
Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды.
14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарқанын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады.
Көрісе келген адамдар (көбіне кішкентай балақайлар) көрісіп шыққан үйінің дастарқанынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарқанға шақырады.
Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар.
Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады.
Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы – Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!