Бір кездері алдына салған алалы жылқы, ақтылы қойы болған алапаты асқардай ауылдардың бүгін «болашағынан» айырылып, «жетім» күйге түскені кім-кімнің де шымбайына батады. Тәуелсіздікті берген 90-жылдары қорасындағы қойын бір бөтелке араққа айырбастап жіберген талай ауыл тіпті адал итсіз қала жаздағаны белгілі. Мәдениет ошақтары жабылып, әлеуметтік нысандар қаңыраған кездер де өтті. Одан беріде «Мәдениетті қолдау жылы», «Ауыл жылы» деп жылдарға ат қойып, айдар тағып, етек-жеңімізді жинап алдық, әйтеуір.
Иә, шүкір, даладағы елдің шаруасы шатқаяқтап барып түзелді. Ауылдан қалаға үдере көтерілген көштің де екпіні басылды.
Өкініштісі, сол жылдардың аязы арқасына батып, басынан бағы тайған бірнеше ауылдың бүгінгі халі мәз емес. Бұл ауылдардың 50 адамға жетпейтін тұрғыны бар. Бұлар экономикалық тұрғыда қаржыландыру тиімсіз немесе экономикалық-әлеуметтік даму қуаты төмен елді мекендер. Ал халық арасында бұларға қатысты «болашағы жоқ ауылдар» деген ауызекі термин қалыптасқан. Бұл елді мекендер жақын орналасқан ауылдардың құрамына қосылуға тиіс. Қазақстанда қазіргі уақытта болашағы жоқ 408 елді мекен бар. Шындығында, бұл ауылдар кезінде қамбасы астыққа, қорасы малға толған берекелі бесік болған шығар-ау. Ал енді бұл ауылдардың заты болғанымен, аты болмауы тиіс...
Аттары ұмыт болып, картадан ізім-қайым жоғалады. Мұндай ауылдарға инфрақұрылым жүргізілмейді, жаңадан мектеп, балабақша салынбайды. Қысқасы, бұл ауылдар күлшеден қағылып, күйінен айырылуы мүмкін... Көшкені көшіп, көшпегені көрші ауылдың талының көлеңкесін сая қылып, отына жылынады.
Барлық нәрсе бюджетке тірелетіні белгілі. Реестрден алынып, картадан жойылған ауылға ертеңгі күні тиын-тебен бөлінбей, мүлде ұмыт қалмасына, өз қотырын өзі қасып қалмасына кім кепіл?
Өңірлік даму комитетінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, ешбір ауыл ұмыт қалмайды. Еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заңға сәйкес жұмыс орындары бар жерлерге көшіріледі не жақын маңдағы елді мекенге қосылады. Сарапшы мамандардың айтуынша, не шаруашылығы, не өндірісі, не суы мен газы, инфрақұрылымы жоқ ауылдарды көшіру, басқа ауылға қосу дұрыс. Себебі мұндай ауылдарға инфрақұрылым жүргізу, қаржы бөлу өзін-өзі ақтамайды.
Алтай ТАЙЖАНОВ, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымының докторы:
— Кезінде бұл ауылдар мемлекеттің қажеттілігінен туған болуы мүмкін. Кеңшар, ұжымшар болды уақытында. Айдалада малшыларға үй салып берген уақыттар да болды. Қазір заман өзгерді. Нарықтық экономика қоғамға өз талаптарын қойды. Кеңшар мен ұжымшарлар қажет болмай қалды. Ауылдарда қазір меншік формасы өзгерген шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс жасайды. Тұрғындары аз, өндірісі де, өсімі де жоқ ауылдар мемлекет үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалды. Ал азғантай адам үшін ауылға су, газ тарту, бәрібір жартылай бос тұратын әлеуметтік нысандар салу өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан осы субъективті факторларды ескерсек, ауылдарды ірілендіру, тұрғындарды жұмысы, өндірісі бар жерге көшіру өте дұрыс. Мысалы, Атырауда бірнеше ауылдың тұрғындарын облыс орталығына көшірді. Керемет! Ақтөбеде де жайлап көшіріп жатыр. Олардың барлығына жаппай көмек көрсетсе жақсы, біреуін көшіріп, екіншісін «күл болмасаң, бұл бол» деп қалған жерінде қалдырып кетсек, бұл реформаның ақсаған тұсы осы болады. Шағын ауылдарды біріктіру керек, орталығы етіп бекіткен ауылдан бұрынғыдай мектеп-интернаттар тұрғызу керек.
Біздің халықтың 47 пайызы ауылда тұратынын, оның дені қазақ мемлекетін құрайтын халық екендігін ескерсек, болашағы бар болсын, жоқ болсын ауылға соққан желдің өтінде осылар отыратынын ескеру керек. Желдің өті демекші, «болашағы жоқ ауылдар» қатарында шекара шетіндегі ауылдардың болуы да жанға батады...
Қанға сіңген қасиет бойынша атақонысы, атакүлдігін тастап кетпей, отын жағып отырған бірлі-жарым түтіндер әлі де баршылық.
Десек те, болашағы жоқ ауылдарды былай қойғанда, қазір тұрғындар саны елуден әлдеқайда көп ауылдардың да шекесі шылқып отырған жоқ. Мемлекеттен несие алып, кәсібін өрге домалатып, нәсібін көріп отырған санаулы отбасылар болмаса, ауыл тұрғындарының ең байы — есік алдына дүкенін ашып алған екі-үш «коммерсант» пен мектептің мұғалімдері. Қалғаны қарттардың зейнетақысы мен баланың жәрдемақысына қарайды. Болмаса бала-шағасымен бес-он мың теңге үшін дәулеттілердің малын жайлап, суын тасиды.
Сондай деймін-ау, бүгінгі 408 ауылдың соқпағына ертеңгі күні тағы 408 ауыл түспесіне кім кепіл? Көлденеңінен созылып жатқан ұшы-қиырсыз қазақ даласында тігінен өскеніміз — әр бұрышта қылтиып-қылтиып миллион тұрғыны бар қалалар тұрғызғанымыздың салдарынан ауылдың тұқымын тұздай құртып алмаймыз ба?..
Ертеңгі күні күліміз шашылмай, отымыз басылмай жүрмесін...
Көшкінбай АХМЕТОВ, экономика магистрі:
— Ауылдарды көшіру дегенге қарсымын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары еліміздегі қоғамдық күрес көшін бастаған ұйымдардың бірі — «Алдаспан» қоғамдық бірлестігін құрған болатынбыз. Осы бірлестік 90-жылдары теміржол стансыларын белоруссиялық әдіспен көшіреміз деген саясатқа қарсы болып, біраз жерге дейін бардық. Себебі ауыл – барлық мәдениеттің, ұлттық құндылықтарымыздың ұясы. Ауылдан ауылдың айырмашылығы жоқ. Болашағы жоқ ауыл болмауға тиіс. Себебі адам бар жерде болашақ та болады. Мен тұрған ауыл қазір жердің бетінде жоқ. Балалығымның елесімен бірге жоқ болып кетті. Бір-екі үй болса да, әр ауылдың тарихы болады. Оларды картадан алып тастағанша, қанатын жайып, ірілендіру керек деп есептеймін. Ауылдарды мұндай күйге түсірген жұмыссыздық екені белгілі. Олардың тұрғындарын ірілеу ауылға, қалаға көшіргеннен не пайда? Ол жерде де жұмыс бере қояйын деп отырған ешкім жоқ. Керісінше, бес-алты үй болса да, алдына малын беріп, мал шаруашылығын дамытуға болмас па еді?
Қазіргі болашағы жоқ ауылдың кейпін ертең басқа ауылдар кисе, оларды да картадан сызып тастай береміз бе? Экономикалық тұрғыдан алғанда, бәлкім, дұрыс шығар, бірақ адамзаттық тұрғыдан алғанда дұрыс емес... Адам ақшаға емес, ақша адамға қызмет етуі керек.
Ақтөбе облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, қазіргі уақытта Еуропа елдерінде халықтың азғантай бөлігі ғана ауылдарда тұрады. Біз де әлемде үстемдігін жүргізіп тұрған нарықтық қатынастар талаптарынан бас тарта алмаймыз. Деректерге қарағанда қазір Еуропа елдерінде халықтың 6-7 пайызы ғана ауылда тұрады. Бізде — 47 пайыз. «Бірақ, — дейді К.Ахметов, — шетел мен біздің елді салыстыруға болмайды. Еуропаның ауылда тұратын халқының ірі қалаларда үлкен үйлері, бірнеше гектарға созылған жерлері бар. Әрі оларда жол деген мәселе мүлде жоқ, бір елді мекеннен екіншісіне кедергісіз қатынай ереді. Ал бізде олай емес».
Ақтөбе облысында Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мартөк, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарында тұрғыны елу адамнан аз отыз шақты ауыл бар. Жақында болашағы жоқ тоғыз елді мекенде тұратын 233 адам «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында Ақтөбе қаласына көшіп келді. «Батыс-2» деп аталатын аудандағы көпқабатты үйлерге қоныстанған 71 отбасы жалдамалы пәтер үшін айына бес мың теңге ғана төлейтін болады. Аталған бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін көшіру үшін республикалық бюджеттен 6,5 млн теңге бөлінген. Тағы бір қуаныштысы — көшіп келген отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелеріне жұмысқа орналасуға мемлекет тарапынан көмек беріледі.
Нұрия ӘБІЛӘКІМОВА, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:
— «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша тұратын жері бойынша келешекте жұмысқа орналастыру немесе бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ болғандықтан, бағдарлама арқылы ондай адамдардың экономикасы дамыған өңірлерге көшуіне мүмкіндік қарастырылған. Міне, қазір облыс орталығына 71 отбасы көшіп келіп отыр. Биыл бұл мәселені жалғастыру қарастырылмаған. Мүмкін, алдағы уақытта келешегі жоқ ауылдардың тұрғындарын аудан орталықтарына көшіру жұмыстары жүргізілетін болар.
Ал қазіргі көшіп келген тұрғындардың тұрмысы — жергілікті биліктің жіті бақылауында. Қолдау көрсетіліп, олардың қала өміріне бейімделуіне жағдай жасалмақ.
Ал егер бағдарламаның қатысушысы жұмыс істемей, өздеріне ұсынып отырған бос жұмыс орындарынан бас тартса, оған берілген қызметтік баспана да мемлекетке қайтарылады. Егер отбасы бағдарламаға қатысудан бас тартып, Ақтөбеден кетуді ұйғарса, ол өзіне жолақыға берілген субсидияларды да кері қайтарады.
P.S.
Тар қоныстан кең шиырды артық көретін қазақ үшін ауылдың жөні бір бөлек екені белгілі. Түтіні түзу болғанымен, тірлігі қисық ауылдардың экономикалық тиімді өңірлерге көшірілуі дұрыс шығар. Бірақ баспасөзде жиі көтеріліп жүрген қазақтың ұлылары туған ауылдарды «байқамай» «болашағы жоқтар» қатарына қосып жібермесек болар. Пушкиннің Михайловское, Лермонтовтың Тарханы, Толстойдың Ясная Полянасы секілді құрметті мекенге айналдыратын елді мекендер бізде де баршылық. Ең бастысы, картадан ауылдың таңбасын алып тастаймыз деп, тарихты жұтып қойып жүрмейік...