Бюджеттің бүйірін қалай толтырамыз?
Серік Ахметов бастаған Үкіметтің толық құрамы кеше Сенатқа келіп, «бюджет» күнін өткізді десе де болады. Өйткені палатаның күн тәртібінде тек бюджетке қатысты мәселелер қаралды. Нәтиже жаман емес: 2012-2014 жылдарға арналған нақтыланған бюджет туралы заң қабылданып, 2013-2015 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Алдағы үш жылдық бюджет туралы заң жобасының Сенатта бір айға жуық жатып қалғаны белгілі. Ал ағымдағы жылғы бюджетке енгізілген өзгерістер күні кеше ғана Мәжілістен түскен болатын. Бюджетті нақтылаудың бұлайша жүрдек жүріске салынуын түсіндіріп жату артық болар. Өйткені биылғы жылдың аяқталу мерзімі тақау. Сондықтан да ағымдағы қаржы жасаған нақтылауға сенаторлар ешқандай қарсылық қылған емес. Заң жобасында түсімдерді азайту, шығыстарды қысқарту және ысырапты жабу үшін бюджет тапшылығын ұлғайту көзделген.
Бюджеттегі тапшылық триллион теңгеге жақындап қалды
Бұған дейін де талай «жырланған» ағымдағы жылдың бюджеттік түзетулеріне келсек, бұған, ең алдымен, әлемдік экономика жағдайы өз әсерін тигізген. Сөйтіп, қазақстандық экспорт өнімдеріне сұраныс қысқарып, әлемдік тұрақсыздық бюджетті қымтай түсуді талап еткен. Екінші жағынан, жаһандық жағдайдың өзі бюджет түсімдерін төмендетіпті. Соған қарап тоғыз айдағы экономиканың даму үрдісін саралаған Үкімет кіріс-шығысты қайта саралап, бөлістерді қайта түзеген. «Бірден айта кетейін, бұл түзетуде бюджетті секвестрлеу туралы еш әңгіме болмауы керек.
Өйткені мұнда мәселе қаржыландырудың мүмкіндігі жоқ болуында емес, керісінше, кейбір бағдарламалар бойынша бюджетті игеруге толық мүмкіндік болмағандықтан туындап отыр. Яғни біз Сенатқа тек қана бюджетті нақтылау туралы әңгіме айтуға келдік», – дейді қаржы министрі Болат Жәмішев. Осылайша алдымен мәселенің мән-жайын ашып алған қаржы және экономика министрлері кезек-кезек мінбеге шығып, сосын Ұлттық банк өкілі оны қостап, бәрі жабылып биылғы бюджетті бүтіндеп шықты. Бюджетте қысқартылатын шығыстарға келсек, оның зейнетақы және әлеуметтік төлемдерге, жалақыға, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде дәрілік препараттарды сатып алуларға, сондай-ақ қауіпсіздік секілді мәселелерге ешқандай қатысты болмайды. Параметрлерге келсек, 2012 жылға арналған бюджет түсімдері 382,8 млрд теңгеге азайтылып, 4 трлн 854,1 млрд теңге көлемінде айқындалған. Бұл ретте салықтық түсімдер 414 млрд теңгеге аз түсетіні болжанады. Ал корпоративтік табыс салығы 303,6 млрд теңгеге атқарылмайды деп шешіпті қаржы министрі. Нәтижесінде бюджет тапшылығы 983,1 млрд теңгеге жетіп, жалпы ішкі өнімнің 3,1 пайызын құрайды. «Бюджет кірісінің болжамды шығындарының орнын толтыру мақсатында тапшылық 203,3 млрд теңгеге ұлғайтылып отыр. Осылайша біздің елімізде алғаш рет бюджет тапшылығының триллион теңгеге жақындағанын айтуымыз керек. Сонымен қатар бұған дейінгі бюджеттің орындалуына қатысты тоғыз айда игерілмеген қаражаттар анықталды. Олар қайта бөлінбейді, шорт қысқартылады», – дейді заң жобасы бойынша түсінік берген сенатор Рашит Ахметов.
Үш жылдық бюджет әлеуметтік бағдарын сақтап қалды
Биылғы бюджеттің нақтылануына қатысты еш қайран білдірмеген сенаторлар «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына том-том ұсыныс жасапты. Әлбетте, ондай ұсыныстардың барлығы бірдей қабылданған жоқ. Оған мүмкіндіктің жоқтығы айтпаса да түсінікті. Дегенмен депутаттар өздерінің талап-тілегін көлденең тарта отырып, атқарушы билікпен айқаса келе, мейлінше кезек күттірмейтін, қоғам үшін атқарылуы барынша өзекті мәселелерді қамтуға тырысып бағыпты. Сосын аннан-мұннан қаржы қарастыра келе, Сенат Үкіметтің резервін 40 млрд 807 млн теңгеге шорт кесуге дейін барыпты. Бұл ғана емес, Сенат өзіне қатысты бюджетті де кескен: Парламенттің шаруашылық басқармасына тиесілі қаражатты, сосын Жоғарғы соттың шығыстарын 46 млн теңгеге азайтқан. Нәтижесінде Сенат ұсынысымен өңірлердегі сумен жабдықтауға, жолдарды жөндеуге, білім нысандарын салуға, жекелеген тұрақты авиатасымалдарды субсидиялауға қаржы табылған.
Бұдан бөлек, заң жобасына сәйкес, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалақының ең төменгі мөлшері 18 660 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 9330 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 19 066 теңге болатыны нақты жазылған.
Алматы проблемасы үкіметтік деңгейге шықты
Талқылау барысында сенаторлар Серік Ахметов бастаған Үкімет құрамына көкейдегі сауалын жолдап, өзекті мәселе бойынша жүзбе-жүз жауап алуға мүмкіндіктері болған. Оның ішінде Алматыға, қаладағы көлік жолайрықтарына қатысты мәселеге Үкіметбасының өзі жауап қатты. «Расында, Алматының жолайрықтары проблемасы осы мегаполистің проблемалық деңгейінен шығып кетті. Үкіметтік деңгейде талқылануда. Біз жаңағы нақтыланған бюджетте біршама қаражатты осы жылы қарастырылған жол түйіндерінің құрылысын аяқтауға бағыттап отырмыз. Келесі жылы жергілікті ғана емес, республикалық бюджетте де транспорттық айрықтарды салуға қаражат бөлінеді», – дейді Серік Ахметов. Бұл ретте Премьер Алматы көлік жолдарына қатысты мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешуге болатынын алға тартты. «Менің ойымша, Алматы қаласы мен облысының түйіскен тұсындағы Үлкен Алматы жолайрығында концессия енгізуге әбден болады. Бұл біз үшін аса маңызды. Егер нақты орындалса, онда көлік инфрақұрылымындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жақсы үлгісіне айналатын еді», – дейді Үкіметбасы.
Қашаған келер жылдың сәуір-мамырында алғашқы мұнайды бере бастайды
Қашағанның алғашқы мұнайына қатысты мәселені сенатор Сәрсенбай Еңсегенов көтерген болатын. Жұрт арасындағы Қашағанға қатысты алып-қашпа әңгімеден гөрі нақты министрдің өз аузынан мәселенің мән-жайын естігісі келген. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, Қашағанға қатысты алғашқы келісімшарт сонау 2008 жылы жасалған. Онда егер Қашағанның 1-фазасында мұнайды игеру мерзімі 2010 жылдың қазан айынан асып кетсе, оның шығыстары республикамен қайтарылмайтыны туралы келісілген. Сосын Қашаған консорциумы алғашқы мұнайды ағымдағы жылдың желтоқсанында игеруге ұмтылған. «Биылғы жазда тағы қосымша шарт жасастық. Онда Қашаған консорциумы қалай болғанда да келер жылдың маусымында алғашқы мұнайды аламыз деп еді. Ал біздің жоспарымыз бойынша Қашаған алғашқы мұнайын маусымда емес, сәуір-мамырда ала бастайды», – деді Сауат Мұхаметбайұлы. Еске салсақ, Қашағанның бастапқы фазасында мұнай көлемі жылына 13 млн тоннаны құрайтын болады.
Үкіметке бір базына айтылды
Жыл сайын бюджет Парламентке келгенде Ұлттық банктің төрағасын бір сыбап өтетін Ғани Қасымов бұл жолы әлгі әдетінен жаңылғандай еді. Алайда сенатордың ендігі базынасы банкирге емес, тұтастай Министрлер Кабинетіне ойысыпты. «Үкімет Кеден одағы шеңберінде қол қойылған барлық құжаттарды бір терең тексеріп шықса деген тілегім бар. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық кеңістікке, одан арғыларға қатысты құжаттарды сараласа игі. Бұл – принцптің мәселесі. Үкімет атынан Минскіге, Мәскеуге барып, келіссөз жасайтындар Қазақстанның Конституциясын қолтығынан тастамаса екен. Әйтпесе неге біз мемлекетүсті органдарды құруға жол береміз? Конституцияда сондай құқық беретін ережені көрсетіңізші маған?» – дейді Ғани Есенгелдіұлы. Бұл ғана емес, сенатор Қасымов Кеден одағы аясындағы келісім мәтініндегі күмәнді тұстарды, Ата Заңға қайшы олқылықтарын баптап шықты. «Конституцияның қай бабында келісімшарттарға тек орыс тілінде ғана қол қойыңдар деп жазылып еді? Ал егер келешекте біздің Үкіметіміз орыс тілін мүлдем білмейтін, түсінбейтін болса ше? Онда не болмақ? Біз осы келіссөз жүргізу барысында БҰҰ, ЕҚЫҰ-да ұстанатын қағидаттан неге аттаймыз осы?» – деп күйінеді сенатор Ғани Қасымов.
Сенатордың базынасын тыңдаған Премьер-министр Серік Ахметов алдағы жұмысында Үкіметтің мұндай тілекті ұдайы қаперге алатынын жеткізді.