Алматыдағы қарулы қақтығыс кезінде жаралы әскерилер мен полицейлер орталық музейді пана етуге мәжбүр болған. Осы тұста мұражай қызметкерлері тәртіп сақшыларына көмек қолын созып, оларды бүлікшілерден қорғап қалған. Мәдиент орталығының қызметкері Қанат Нұрмұхаев оқиғаның қалай өрбігенін Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
"5-ші қаңтар күні алаңға жиналған халықтың қарасы қалың еді. Ондағылардың дауысы музейде жүрген бізге жетіп жатты. Жағдайға байланысты қызметкерлердің көбі сол күні үйіне ерте қайтарылды. Ең басты есікті бекітіп, артқы жақтағы қызметтік есікті қолдандық", – дейді музей қызметкері.
Оқиға орын алған күні музей ішінде сегізге тарта қызметкер болған көрінеді. Бар мақсаттары – ата-бабамыздан мұра боп қалған құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай қорғау болыпты. Бүліктен зардап шеккен әскери курсанттар, кейбір полиция қызметкерлері музейге бас сұғыпты.
"Өзім де полиция саласында қаншама жыл еңбек еткендіктен бүгінгі әріптестерімнің қал-жағдайын жан жүрегіммен түйсіндім. Әрбір полиция қызметкері бір-бір үйдің үміт артқан арқасүйер азаматы емес пе? Олар туған елінің тыныштығын қорғаймын деп жүріп соққыға жығылды... Мемлекеттің маңызы бар ғимарат – Алматы қалалық әкімдігін қорғаймын деп жүріп жаралы болды. Халқына қалтқысыз қызмет етемін деп өздерінің басын қауіпке тікті. Осындай қиын кезде олардың қолдарында қару да болмады. Сондықтан да олар өз-өздерін қорғай алмай, жазықсыз жапа шекті. Осы бір қысылтаяң кезде амалсыздан жан-жаққа бас сауғалауға мәжбүр болды. Біздің музейдің айналасында қаншамасы құлап жатты. Біз оларды мұражай жертөлесінің ең түпкі қоймасына кіргізіп, мүмкіндігінше көмек қолын созуға тырыстық", – дейді Қанат Нұрмұхаев.
Он бес шақты тәртіп сақшысын аман қалсын деп қолдарынан келгеннің бәрін жасапты. Оқ тиіп, есінен танып жатқандары да кезігіпті. Олардың сорғалаған қандарын тоқтатып, естерін жиюына шама-шарқынша көмек қолын созған.
"Осы оқиға кезінде әйелдер қауымы заты нәзік болғанына қарамастан, қайратты болатынына көзім жетті. Ана деген перзенті үшін тіпті жанын қиюға даяр бар мейірімнің иесі ғой. Өзі біздің жертөледе жатып, анасына қал-жағдайын хабарлапты бір тәртіп сақшысы. Анасы сол мезет біздің мұражайға жетіп, баласының формасын ауыстырып, басқа киім кигізіп алып кетті. Бір кезде әлгі әйел қайта келді. Тағы бір екі жігітке киім әкеліп, оларды да алып кеттті. Басын қатерге тігіп, балаларды құтқару үшін барын салды. Мен оларды қызметтік есіктен кіргізіп, қосалқы есіктен шығып кетуіне жағдай жасадым", – дейді оқиға куәгері.
Осылайша, қаншама азаматтың өмірін құтқарып қалған музей ұжымының еңбегі ерен десек артық айтқандық емес.
"Бүлікшілер музейге де шабуыл жасап, баса көктеп кірді. Бірінші, есікті жұлқылап, ашуға бекінді. Ойлары оңай жүзеге аса қоймаған соң, терезені сындырды. Музейге кірген бетте-ақ, бейнекамераларды сындырып, жан-жақты тінти бастады. Осы мезет музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы оларға жақындап, сабырға шақырды. "Алтын адам" және т.б құнды жәдігерлерге көзі түскен оларды райынан қайтарды. Қолдарында темірлері, ломдары болды. Полицейлерді іздеді. Жертөлені білмегендіктен онда кірмеді. Әйпегенде жағдай басқаша болар ма еді кім білсін?!
Топ мүшелерінің бірқатары намаз оқып та алды. Кейін өздерімен бірге ала келген ас-суларын ішіп, кіріп-шығып жүрді. Сағат 16.00-ден өте бере келген олар кешкі сағат 21.30-дарда шығып кетті", – дейді ол.
Жиырма сегіз жыл бойы полиция саласында еңбек етіп, құрметті демалысқа шығып, бүгінде музейде қызмет етіп жүрген Қанат Нұрмұхаев өзінің бұл ісін азаматтық борышым деп есептейді. Бұған дейін Алматы қаласының Күзет полициясында кезекші испектор лауазымында еңбек еткен ол тәртіп сақшыларының аман қалғанына дән разы.