Бесіктен бездірушілердің көздегені не?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бесік – қазақтың аса қастерлі мүлкі. Бірақ бүгінгі күні бесікті қолдану бірте-бірте тұрмыс-салтымыздан шығып бара жатыр. Тіпті бір кездері қазақ баласын бесіксіз елестету мүмкін болмаса, бүгінгі күні бесікке шоши қарайтын аналар саны артып барады. Осылайша тұрмыс- салтымызға тиімділігімен, баланың денсаулығына пайдалылығымен еніп, жүздеген ғасыр бойы сынақтан өткен бесік бүгінгі күні күнделікті қолданыстан шығып қалып отыр.

Төріңде бесік тұрса, төре басын иеді
Иә, аналарымыздың бөпелерін бесікке бөлеуден бас тартуы ең алдымен салт-дәстүрімізге кері әсер етті. Бар байлығын баласы санайтын қазақ халқы сол баласы жататын бесікті де ерекше қадір тұтып қас­тер­леген. Тойшыл халықтың тойы­ның басы да осы бесікке салу дәс­түрі­нен, бесіктойдан басталған. Хал­қы­мыз дүние есігін енді ашқан сәбиді бесікке салуды елеулі дәстүр санап, ерекше мән берген. Бала дүниеге келгеннен кейін жеті-сегіз күн өткен соң бесікке салу ырымы жа­сал­ған. Бұл жоралғыны ауылдағы жолы үлкен немесе көпті көрген тәр­бие­лі, елге сыйлы, өнегелі әжелерге, кіші­ге үлгі болар аналарға тапсыр­ған. Мұның өзі дүние есігін ашқан шақа­лақ болашақта сондай өнегелі адам­дай болсын деген қазақы ырым­нан шыққан. Нәрестені бесік­ке бөлеу құрметі сеніп тапсырылған әйел адам бесікті отпен аластап ал­ған соң, «тыштырма» дәстүрін жа­сап алып, баланы бесікке бөлейді. Бала­ны аруақтар қорғап жүрсін деп, бе­сік­тің үстіне ата-бабадан қалған сырт­киімді жапқан, ел тізгінін ұстар аза­мат болсын деп, аттың тізгінін, ел ара­­сында айбынды болсын деп қам­шы қойған. Қайсыбір жерлерде бе­сік­тің үстіне жеті түрлі қадірлі, таза зат­тар жапқан. Бесікке салған адамға «бе­сікке салар», яғни кәделі сый бе­ріл­ген. Осындай қуаныш үстінде «Бе­сік жыры» айтылған. Міне, қазақтың бесік­тен қол үзуі жоғарыдағы мағы­насы терең, мәні зор салт-дәстүр, қа­зақы ырымда­ры­нан айырып отыр.
                                                                                      Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, этнограф:
– Ата-бабамыз бесікті қасиетті, құт­ты мүлік деп есептеген. Тіпті қазақ халқының бесікті аса қасиетті мүлік санағаны соншалық, бір бесік жылдар бойы атадан балаға беріліп отырған. Бесікке бала бөленбеген кезде ол бесікті орап, биіктеу жерге алып қойған. Бесікті кез келген жерге тастамаған. Керісінше, оның көнермей ұзақ сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа бұзыл­май берілуіне аса мән берген. Бүтін бір әулет бір бесіктен тараған жағдайлар өте жиі кездескен. Ондай бесіктерді барынша сақтап, одан әрі қадірін арттырған. Ұрпағы көбейіп, әулет саны артқан сайын оны әлгі атадан балаға берілген бесіктің қасиеті деп санаған. Қазақ бос бесікті тербетпеген, бос бесіктің бетін ашық қалдырмаған. Сондай-ақ әжелеріміз бөбекті пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қойған. Негізі, бесікті қызға нағашы жұрты жасатып, сыйға тартқан. Мұның себебі, қазақ қызды – өріс, жиенді жекжат, ұрпақ санаған. «Өрісіміз кеңейіп, ұрпақ – жұрағатымыз көбейсін» деген ырыммен қыз артынан бесік апаруға жауапкершілік­пен қараған. Ал бүгінгі күні ауылдардың өзін­де бесікке деген құрмет қалмаған. Бұл бесіктің қасиетін терең түсінбегендік деп ойлаймын.

Бесіктен қол үзу ұрпағымыздың денсаулығына да кері әсер етті
Қазақ бесікті бекерден-бекер қолдан­ба­ған. Оның артықшылығына көз жеткізіп, пай­дасын түсінгеннен кейін өмір сүру сал­тының бөлінбес бөлшегіне айналдырған, яғни бесік – тұрмыстық бұйым ғана емес, дені сау, санасы сара ұрпақ өсірудің маңыз­ды құралы. Халқымыз қастерлеген бесік­тің, ең алдымен, баланың тазалығы, аяқ-қолы мен денесінің түзу болып қа­­лып­тасуы­на тигізер пайдасы зор. Бесік­тің түбегі мен шү­мегі баланың дәретін жаймай, таза жә­не ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қолайлы екені айтпаса да түсінікті. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл,  сыз дарымай, құрғақ болуы  – мықты ден­сау­лық  кепілі. Бесік күн ыстықта салқын бол­са, ал күн суықта жылы болады. Жас бала ыстық­тап көрпесін теуіп тастайтыны бел­гілі. Ал бесікке бөленгендіктен ол қимыл­дай алмайды. Бесікте күн ұзақ құндақтаулы жатқан балаға салқын да тимейді, яғни сал­қын тиіп ауырмайды. Ал «пам­­перс» киіп, емін-еркін жатқан бала ербеңдеген қол-аяғынан шошып, жиі оянады. Ұйқысы тыныш болмаған соң, ол бала мазасыз болады. Дұрыс дем­ал­маған мұндай балалардың зердесі толық жетілмейтіндігі медицинада әлдеқашан дә­лел­денген. Шо­шынып, дұрыс ұйықтамаған баланың жүйке­сі де жұқа болып өседі. Сон­дай-ақ бесік суық пен ыстық­тан қорғап қана қоймай, бе­сік­тің жақтау­ла­ры кездей­соқ құлаған зат­тан балаға қорғаныш қызме­тін атқарады. Көп уақытын бе­сікте өткізетін бала сырт көз­ден таса болады. Ал бұл сәби­дің тіл-көзден ау­лақ болуына септігін ти­гізеді. Бесік  белгілі  бір  ырғақпен  ғана  тербетіледі. Бұл бала­ның жүйке жүйесінің бір  жүйе,  тәртіпке  тү­суіне әсер етеді. Ал бесік жырын  тыңда­ған баланың қанына ұлттық қасиет да­риды. Бұлар  – бесіктің  толып  жатқан  пай­да­сының  бір  парасы  ғана. 
Ақмарал ӘБДІМАНАПҚЫЗЫ, педиатр дәрігер:
– Қазір көптеген ата-ана бесік орны­на заманауи жөргекті пайдаланады. Бірақ ол қа­зақ­тың бесігін бәрібір ауыс­тыра алмай­ды. Бесікті ойлап тапқан ата-ба­балары­мыз­дың даналығына таңғала­мын. Олар осы бір қа­рапайым жабдық ар­қы­лы бала­ның жатын орны­мен қоса, оның тазалығы мен дема­лы­сын да ойлас­ты­рып қойған. Дәрет қабылдағышты үнемі киіп жүре­тін бала соған сеніп алып, астына жібере салуға үйреніп кетеді. Ал бұл әдеттің бала таза­лығына нұқсан келтіретіні өз алдына, сәбиді ауру қылатыны тағы бар. Оның үстіне, «памперс» балалардың жыныс мүшесінің жетілуіне кері әсерін тигізеді. Оны сәбиге 2-2,5 сағаттан артық кигізуге болмайды. Бесікте жатқан бала таза болып қана қоймай, жұқ­палы ауру­дан да сақ болады. Мысалы, ер­те­дегі ба­лалар осы себептен де коньюк­тивит, тұмау, ішек-құрт ауруларымен қа­зір­гі бала­лар секілді көп ауырмаған. Сон­дық­тан ата-аналар уақытша жан ты­ныш­тығы­нан гөрі ба­ла­ларының бола­ша­ғын ойлап, бірыңғай «памперс» пен балалар кереуе­тіне сеніп алмағандары дұрыс.
Барымызды бағаламау бесіктің түбіне жетті
Егер бесіктің осынша пайдасын ғалым­да­рымыз ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, бесікке басқалар да құмартар еді. Осын­ша пайдасы бола тұра, бесіктен жерінуі­міз­дің сыры неде? Мамандар мұның сырын ке­шегi  кеңестiк  дәуiрде  мединституттың  оқытушыларына  бесікті  жамандап  оқыта­тын    арнайы  тапсырма  берілуімен түсін­діре­ді. Ол  заманда жек  көрген  нәрсеңізді  «ескіліктің  қалдығы»  десеңіз жетіп жатыр. Дәлелдің қажеті жоқ.  Бәрі жерініп шыға келетін. Сөйтіп,  бесік  қолданыстан  шығып  қал­­ды.  Әйтпегенде  жүздеген  ғасыр  сы­нақ­­­тан  өткен  бесікті  пайдасыз деп кім айта­ды?
Оқуы жоқ болғанымен, тоқығаны көп ба­баларымыз бесіктің пайдасын айтқыз­бай-ақ түсінген. Бірақ оның пайдасын, баланың денсаулығына тиімділігін бүгінгі ұрпаққа түсіндіру бүгінгі күні маңызды бо­лып отыр. Осы орайда айта кетер жайт, ата-бабамыз шала туған балаларды баба­ла­рының бөркіне тегіннен-тегін салмаған екен. Олардың тымағы сол кезеңдерде қа­зіргі заманның медициналық кювезінің рө­лін атқарған. Қазақтардың кәдімгі ты­ма­ғы мен медициналық кювездің темпе­ра­ту­расы жатыр ішіндегі температурамен бір­дей болатындығын бүгінгі таңда меди­цина дәлелдеп отыр. Осының өзі-ақ – ата-бабамыздың данышпандығының, көре­гендігінің дәлелі. Ендеше, ға­лым­­да­рымыз да бесікті жан-жақты зерттеп, қай­та­дан хал­қымыздың арасында кеңінен қол­даныс­қа енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ, этнограф:
– Шыны керек, бүгінде барымызды ба­ғалауға келгенде кежегеміз кейін тартып тұр. Мәселен, ғалымдарымыз бесіктің пай­да­сын медициналық жағынан, санитарлық тұрғыдан дәлелдеп, жарнамасын арттыр­са,  бесік халық арасында кеңінен қолда­ныс­қа түсіп, салт-дәтүрлеріміз де жаң­ғы­рар еді. Қазір, керісінше, бесіктен гөрі «пам­перстің» жарнамасы жер жарып тұр. Осы­дан кейін халық бесікке емес, «пам­перс­ке» жүгірме­ген­де қайтеді. Оның үсті­не, елік­те­гіш ха­лық­пыз, орыстардың бала­ла­рын балалар кереуетіне жатқызатынын көр­дік те, бесіктен жерініп, кереуетке ұм­тыл­дық. Бірақ әрбір ұлт ұлттық ерекше­лік­те­рі сақ­тал­­ғанда ғана ұлт ретінде ерекше­л­е­не тү­седі. Сон­дық­тан бесіктің насихатын артты­рып, ха­лық­қа қайтаруымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста