Түркістаннан шыққан айтыскер, қазақтың ақыны Бекарыс Шойбеков ашыла сұхбат берді. Айтысқа ойда-жоқта келген ақын айтыстан бөлек көкпарға қызығады. Тіпті, көкпар үшін айтыстан кетуге дайын. Ақын өмірдегі қызықтары мен естеліктері жайлы айтты.
Бұл туралы "Жиырма бесінші сағат" бағдарламасында айтылды.
Бекарыс Шойбековтің айтыста жүргеніне 30 жылдан асты. 12 жасында айтысқа келіп, 13 жасында республикалық айтысты жеңген ақын бүгінде қырықтың қырқасында. Ақсақалдыққа әлі дайын емес, жас та емес. Айтыстан бөлек, көкпарға футболға қызығады. Өзі білім саласыны қызметкері.
"Мен айтысқа дайындалып келген адам емеспін. Айтысқа келейін деп келген жоқпын. Мен айтысқа аяқ астынан келдім. Ұстаздарым қанат бітіріп, қолпаштаған соң республикалық айтыстан бір-ақ шықтым. Айтыста жүргеніме 30 жылдан асыпты. Менің қатарластарым сиреп барады. Алайда өзімнің қашан кететінінім белгісіз. Айтыста барлық ақын дайындалады. Алдын ала жаттайды. Тақырыпқа байланысты түйгені болады. Түртіп қоятыны болады. Қарсыласының кім екенін алдын ала белгілі болса, ол туралы зерттейсің. Ізденесің. Оның қандай айтыскер екенін тексеріп көресің. Ақындар әр түрлі болады. Бірі бірден шабуылдайтын ақын болады, бірі тек тақырып аясында шабады. Енді бірі, сенің сөзіңді күтеді. Қарсыласыңа байланысты айтыс болады", - деді ақын.
Бекарыс Шойбеков ақындар арасында айтыстың киллері атанған. Бұл атақты әйгілі Шорабек ақын теліп берген екен. Алайда айтыскер айтыстан да көкпарға көп қызығады.
"Егер айтыс пен көкпар екеуінің бірін таңдау керек болса, мен көкпарды таңдар едім. Себебі, көкпар қазаққа тән. Мен дәл көкпарға қызыққандай айтысқа қызықпаймын. Айтыс үшін талай көкпардан қалғанмын. Айтысқа бару керек болған соң көкпарға бара алмай өкінген кездерім болған. Көкпарға бармаған күні менің күнім бекер өтеді. Көкпарға бара алмай қалған күні өз-өзіме сыймай, бекер өмір сүріп жүргендей адам сезінемін", - дейді айтыскер.
Бекарыс ақын айтыста ғана емес, көкпарда да талай көлік ұтқан.
"Мен мықты шабандоз емеспін. Мен жылқыға, көкпарға қызығатын кәдімгі қазақтың бірімін. Мен емес, менің көлік ұтқан жылқыларым болды. Түркістанның қақ ортасында тұрсам да, жылқы бағамын. Көкпарға шыққан мықты аттарым болды. Солар көлік ұтты, Алматыда өткен көкпарда автобус ұтқан кезі болды. Оның бәрін сатып жібердім", - деді Шойбеков.
"Қоғамға пайда тигізбесең де, зиян келтірмесең - сол пайда" дейді айтыскер. Сырт көзге суық, қатегіз адам көрінгенмен отбасына мейірімді, көп күлетін адаммын дейді ақын.
"Мені көп адам суық деп ойлайды. Мені қартаймайтын адам ретінде көреді. Бірақ өзіме өзімнің қартайып келе жатқанып, салмақ қосып толықсып, өзгеріп келе жатқаным байқалады. Күлмейтін адам көретіндер де бар. Керісінше, мен отбасында, жұмыста көп күлемін. Қолым бос болса, ұлымды ертіп атқа мінем. Ел құсам кітап оқимын деп айтпаймын. Кітапқа қызықсам, сүйсінген кітабым болса, оған бос уақыт іздемей-ақ сол уақытта оқып тастаймын", - деді Бекарыс мырза.