«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының Жамбыл облысындағы бөлігінде алғашқы «Тау Дос» заманауи кемпингі ашылды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаевтың Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды BNews.kz.
7 ай бойы құрылыс жұмыстары жүргізілген нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында пайдалануға берілді. Сервистік орталықта еуроталапқа сай жабдықталған қонақ үй, кафе, 120 көлікке арналған автотұрақ, жанармай құю бекеті, сондай-ақ медициналық пункт пен монша орналасқан.
Екі қабатты сервистік қызмет көрсету орталығы Байзақ ауданы Ақшолақ бекетінің Жаңатұрмыс округінде орналасқан. Кешенде 45 адам қызмет етеді.
Сервистік орталықтың басшысы 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Тараз» ӘКК-нан жеңілдетілген субсидияға қол жеткізген. Мұнда қазір жазғы демалыс орны мен техникалық қызмет көрсету орталығы салынуда.
Аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев автодәліз бойындағы мұндай кемпингтердің маңыздылыңына тоқталды, оның айтуынша, жақын уақытта тасжолдың облыс аумағындағы бөлігінде осындай 9 сервистік орталық бой көтереді.
bnews.kz