Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзінің 3 бас ірі қара малын бақташыға сеніп тапсырған. Алайда тұрғынның малдарын танысы бақташыдан алдап алып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 450 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері хабар алысымен қылмысты ашу үшін жедел-әрекет етті. Олар қажетті шараларды атқарып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар ер адам анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші бақташыға сиырларын сеніп тапсырар кезінде танысымен бірге барған. Бірнеше айлар өткен соң, жәбірленушінің танысы бақташыға барып, оны алдап, сиырларды алып кеткен. Ол бөтеннің мүлкін Сарыағаш қаласындағы мал базарға апарып сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Мал ұрлығын болдырмау үшін үш жақты келісім жасау керектігін ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі