Балалар зиянды ақпараттардан зардап шегіп жатыр
Бір жылдың ішінде елімізде 340 жасөспірім өз өзіне қол жұмсауға талпынған. Жасөспірімдердің осы әрекетінің салдарынан 211 жасөспірім көз жұмған. Бұл қайғылы жағдайлардың 25-і Шығыс Қазақстанда, 22-сі Алматыда, 21-і Қарағандыда және 18-і Ақмола облысында тіркелген екен. Осынау статистиканы тілге тиек еткен мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «бұл баспасөз құралдары мен ғаламтордан келіп жатқан өнімдердің кесірі», - дейді. Сондықтан депутат балаларға арналған ақпараттық өнімдер қатаң сүзгіден өтуі керек деп санайды.
Ал сол телеарналардан берілетін балаларға арналған жобаларды сүзгіден өткізіп отыруын реттейтін заң жобасын мәжілістің әлеуметтік мәдени даму комитеті 4 жылдан бері дайындап жатыр. Жақында осы заң жобасын мәжілістегі депутаттар Сенат депутаттарына ұсынды.
«2009 жылы 202 өзіне бала қол салғанын ескерсек, 2 жылда 413 жеткіншек көз жұмған. Жасөспірімдердің қатігездігі, құрбыларын өлтіруі немесе аяусыз ұрып соғуы, жат секталарға енуі, үйден безіп Отан, халық деген ұғымды тәрк ету сияқты әрекеттер көбейіп бара жатыр. Балаларды осындай қадамдарға итермелейтін интернет сайттарға тыйым салатын заң мүлде болмаса, баспасөздер телерадио арналарды қадағалайтын заңнама қалыптасқан жағдайға сәйкес толықтыруды қажет етті», -дейді парламент мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл.
Осы заң жобасының аясында келешекте баспасөз құралдарындағы балалардың психикасына кері әсер етеді деген өнімдерді бақыланып, сүзгіден өткізіліп отырады. Заңда көрсетілгендей талапты сақтамағандарға тіпті әкімшілік жаза қарастырылмақ. Сондықтан мамандар талқыланып жатқан заң жобасынан үлкен үміт күтіп отыр.
Айта кетер жайт ТМД көлемінде «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін ақпараттан сақтау» жөніндегі заңнама әзірге тек Ресейде ғана қабылданған екен. Алдағы уақытта балалардың құқыңын қорғауға бағытталған, зиянды ақпараттардан қорғайтын заң біздің елімізде де күшіне енеді деп күтілуде.