Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде жыл сайын бес жасқа дейінгі 2 миллионға жуық бала өкпе қабынуынан көз жұмады екен. Сондай-ақ әлемде балалар арасында өлім себебінің 20 пайызын осы ауру құрайды. Ал Қазақстандағы балалар арасындағы өлімнің 18 пайызы осы өкпенің қабынуынан болатын көрінеді. Енді балалар арасындағы бұл қауіпті аурудың алдын алу үшін елімізде не жасалып жатыр, одан толық айығудың жолдары қандай? Осы төңіректе аз-кем әңгіме қозғасақ.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында балалардың өкпе қабынуына қарсы дәрі егуге 3,5 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл өкпе қабынуымен ауыратын балалардың санын – 50 пайызға, бала шетінеуін 20 пайызға қысқартады деп күтілуде.
Өкпенің қабынуы әсіресе жас нәресте үшін өте қауіпті. Бұл ауру күз-қыс айларында жиі кездеседі. Нәрестеге тұмау тигеннің өзінде оның тыныс алу жолдары тарылып, бала тек аузымен дем алады. Осының салдарынан суық ауа өкпе мен тамаққа салқын күйінде жетеді де, оның арты өкпенің қабынуына әкеліп соғады.
Пневмония қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхтың қабынуы, демікпе сынды бірнеше аурудың асқынуынан да пайда болады.
Әсіресе жаңа туған нәрестелер пневмониямен жиі ауырады. Өйткені олардың иммунитеті әлсіз. Ауырған нәрестенің кейде кеудесі сырылдап, сілекейі көбіктенеді. Жас балалар мен жаңа туған нәрестелерде болатын бұл ауру өте қауіпті. Көп жағдайда ауру асқынып, отитке немесе плевритке ауысады. Сондықтан сәбиде өкпе қабынуының алғашқы белгілері байқала салысымен ата-аналар өздері емдемей, бірден дәрігерге көрсеткені дұрыс. Сонымен қатар омыраудағы балаларды алғашқы алты айда емшек сүтінен айырмаған жөн. Себебі ана сүтінде нәрестенің иммунитетін көтеретін қажетті дәрумендер бар.
Ескерту:
Темекі шегу де бала денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Егер темекі шегіп тұрған адамның қасында сәби дем алып тұрса, ол таза ауамен емес, темекі түтініне уланып тұрады. Оның құрамындағы зиянкестер бала денсаулығына зиянын тигізеді. Сондықтан үйде немесе басқа да ғимараттарда қасыңызда бала отырса, лажы болса, темекі шекпеген жөн.
Балалар пневмониясы алаңдатады
Последние статьи автора