Байланыс операторын қалай ауыстыруға болады?
Ұялы телефон нөмірін жеке меншікке қалдыру мүмкіндігі туа салысымен, 22 мыңнан астам абонент өз операторларын өзгеге ауыстырып үлгеріпті. Бұл қызметтің тиімділігі сол, 701, 702, 707 сияқты алдыңғы үш санымен қоса бұрынғы нөміріңізді өзгертпей-ақ, ұялы байланыс операторын ауыстыруға болады.
Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті таратқан мәліметке сай, нөмірін сақтап, ұялы операторын өзгеге ауыстыру туралы айналдырған бір айдың ішінде 31 мыңнан астам өтініш түскен. Абонеттер жаппай қымбат оператордың қызметінен бас тартып, желі ішіндегі сөйлесу уақыты тегін, интернет өтімділігі жылдамырақ, ай сайынғы абоненттік төлемі қол жетімді операторларға көшіп жатыр. Ұялы операторды өзгерту қызметі тегін және де оны әрбір 60 күн сайын қайталап отыруға болады.
Ол үшін тұрғындарымыз ауысқысы келетін байланыс операторының абоненттік орталығына барып, өтініш толтырып, жеке куәлігін көрсетулері қажет. Абонент ең көп дегенде 5 сағаттың ішінде қалаған операторына ауыстырылады. Жарты жылдан кейін бұл уақыт 2 сағатқа дейін, ал 1 жылдан кейін 90 минутқа дейін қысқармақ.