Басшылық қызметке қолы іліккен кейбір адамдар ебін тауып, екі асағысы келеді.
Облыстық мәдениет басқармасы Б.Әбдіразақовтың 80 жылдық мерейтойын өткізу мақсатында аталмыш орталықтың есепшотына 498 мың теңге қаржы бөлген. Осы қаржының ішінде жазушының жұбайының иығына ұлттық нақыштағы бешпент жабу да қаралған. Бұрынғы директор осы қамзол арқылы ауадан ақша құрағысы келіпті. Бешпент тіктіру мақсатында жеке кәсіпкерге барады. Ол өз жұбайының шешесі екен. Одан 19 мың теңгеге ұлттық нақышпен оюланған жеңсіз бешпент сатып алады. Дегенмен оның бағасын бірнеше есе жоғары етіп көрсетеді. Есеп фактурасы мен жүк құжатына ұлттық киімнің бағасын 233 мың теңге деп жазған. Содан кейін жеке кәсіпкердің есепшотына сол қаржыны аударып жібереді. Киімнің шын бағасын кәсіпкерде қалдырып, қалғанын қалтасына салып алады. Осының салдарынан ол мемлекетке 214 мың теңге шамасында зиян келтірген.
Нұркен ТҰРҒАНБАЙ, Қызылорда облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры:
– Аталмыш оқиғаға байланысты облыстық қаржы полициясы департаменті тарапынан Ш.Тоқжоловқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осының нәтижесінде, Қызылорда қалалық сотының биылғы жылдың мамыр айындағы үкімімен ол еліміздің «Қылмыстық кодексінің» 176-бабының 3-бөлігіне байланысты кінәлі деп танылды.