Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты кеңес өткізіп, тұрақтылық қорлары туралы талқылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кеңесте өңірлер бойынша бір апта ішінде бағаның ең жоғары өсуі Алматыда (0,6%), Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында (0,4%) тіркелгені туралы айтылды.
Соңғы аптада тұрақтандыру қорларына 100,7 мың тонна көлемінде картоп қоры дайындалған. Сондай-ақ, 31,7 мың тонна сәбіз, 24,5 мың тоннаға жуық қырыққабат, 23,5 мың тонна пияз, 11,6 мың тонна қарақұмық жармасы және 22 мың тонна күнбағыс майы бар.
Бүгінде өңірлер көкөніс өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін осы азық-түлік қорларын саудаға шығарған.
"Жекелеген көтерме-бөлшек сауда базарларында бағаны негізсіз көтеру байқалуда. Бұған жол бермеу керек. Түптеп келгенде бұл инфляцияға әсер етеді. Аталмыш салада қадағалау органымен бірге тәртіп орнату қажет. Жедел шаралардан басқа, өндірушілердің көтерме-бөлшек базарларына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты заңнамалық нормаларды белгілеудің жүйелі шараларын әзірлеу қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу, сондай-ақ Атырау, Қарағанды және Қостанай облыстарында сауда-саттық кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-тен 10%-ке дейін төмендету бойынша 5 акті жасады.