Ажырасу көбейіп барады
Басқа ұлттарды қайдам, қазақ үшін ажырасу деген ұғым мүлдем жат болған. Ері қайтыс болған әйелдің өзін әмеңгерлік жолмен елде алып қалған. Ондағы мақсат – жесірді қаңғытпау, жетімді жылатпау. Ал қазір ше? Ажырасу күнделікті көрініске айналып үлгерді. Жастар ажырасуды қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болды. Ұят та емес секілді.
«Неке бұзу соңғы жылдары жиілеп кеткенін жасыра алмаймыз. Мәселен, өткен жылы некеге тұру туралы 24 254 өтініш түссе, 3167 некенің бұзылғандығы тіркелді. Бұл – түсіне білгенге қорқынышты цифр, қауіпті құбылыс. Неке беріктігінің жауапкершілігін сезіну сезімі төмендеп бара жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады», – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық Әділет департаменті бастығының орынбасары Балжан Әліпбек.
Өзекті өртейтін өкініш. Бұл өкініштің артында қанша адамның, қаншама бүлдіршіндердің тағдыры тәлкекке ұшырайтынын ойлаудың өзі санаға салмақ салады. Ал екі жақты дүрдараз болған құда-жекжаттар арасындағы дау-жанжалға ұласатын жағдай өз алдына бөлек тақырып.
Дау-жанжал демекші, ешқандай жазығы жоқ бүлдіршіндерге тиесілі алиментке қатысты жағдай да ушығып тұр. Қазіргі таңда облыстық сот орындаушылар департаментінде алиментке қатысты 8032 атқарушылық құжат бар екен. Демек, осынша әкеден алимент өндіріліп жатыр деген сөз. Бұл – бір облыстағы көрсеткіш. Ал республика бойынша есептер болсақ...
– Алиментке қатысты 8032 құжаттың 993-і тек ақпан айында түсті. Қарапайым есепке салар болсақ, күн сайын 30-дан астам құжат түсті деген сөз. Бұл – борышкер әкелерді ғана емес, бүкіл қоғамды толғандыратын маңызды мәселе, – дейді облыстық сот орындау департаментінің жетекші маманы Қабыл Дүйсенби.