Өткен жұма күні Қарағандыда 31 жастағы әйел кенеттен қайтыс болды. Полицейлер «оқыс оқиғаға шаш бояуы себеп болды» деп отыр.
Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі мамандарының хабарлауынша, әйел қарашаның 20-сы күні түнде ауруханаға бара жатқан жолда «Жедел жәрдем» көлігінде қайтыс болған. Мұның алдында қала дүкендерінің бірінен бояу сатып алып, шашын бояған оның дене қызуы көтеріліп, бет-аузы ісіп кеткен көрінеді. Тіпті бояу құрамындағы заттардың әсерінен бас терісі күйіп те кетіпті. Алдын ала мәліметтер бойынша, шаш бояуынан әйелде ми ісігін шақыратын аллергия туындапты. Қазір өлімге себепкер болған бояудың өндірушісі мен сапасын анықтау үшін сараптама жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, шашқа арналған косметикалық бояулардың қорабында нұсқау қағазы болады. Онда бояуды пайдаланар алдында аз мөлшерін шаштың сырт жағына болмаса құлақтың артына жағып көру керектігі ескертілген. Алайда «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дегенді ұран еткен кей әйелдер сақтық шараларын елемей жататыны жасырын емес. Айта кетейік, мұндай оқиға бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облысында да тіркелген.