Ахмет Байтұрсынұлы делінген адамның видеосын мұқият зерттеу қажет - тарихшы
Тарихшы, алаштанушы Мәмбет Қойгелді мен кинорежиссер-оператор Қалила Омаров Ахмет Байтұрсынұлы түсірілген делінген видеоны зерттеу қажет деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл видео таяуда қазақ БАҚ-тарында жарияланған болатын.
Қазақтың кейбір Интернет-басылымдарында "...бүгін назарларыңызға Youtube видео тұғырында осыдан 2-3 жыл бұрын салынған видеодағы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі бар көріністі ұсынамыз. Кадр бірнеше секунд болса да Ахаңның дидарын, сом тұлғасын анық көрсетіп береді", - деп жазылып, 9 секундтық видео жарияланды. Видеодан түр-тұлғасы әдебиет зерттеуші ғалым, түрколог Ахмет Байтұрсынұлыға ұқсайтын адам көрінеді. Видеода оның сөмкесін қапсыра ұстап, темекі тартып бара жатқан сәті бейнеленген.
Түпнұсқасы - 6 минут 15 секундқа созылатын видеоны Sadr55 нигі бар қолданушының 2011 жылдың 16 қыркүйегінде жүктегені белгілі болды. Видеоресурста көрсетілген автор - Садрутдин Сраждинович Адилов. "Кумыкский мир" сайтында оның 2014 жылдың 11 наурызында қайтыс болғаны хабарланған. Видео үстінен оқылған мәтінде 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында бірінші бүкілодақтық түркологиялық съезд өткені және оған түрлі елдерден 131 делегаттың қатысқаны айтылады.
Алаш арыстары туралы бірнеше деректі фильм түсірген кинорежиссер-оператор Қалила Омаров видеодағы адам Ахмет Байтұрсынұлы болуы мүмкін деп отыр. "Ғалымның өзі болуы мүмкін. Себебі Міржақып Дулатұлының қызы маған мына бір деректі айтып берген еді: 1925-26 жылдары мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханов пен профессор Швецов Сергей Порфирьевичті Міржақып Дулатұлы Қызылордада күтіп алған. Сол уақытта Гүлнәр Дулатова Ахмет Байтұрсынұлының бірінші түркологиялық сьезге кеткенін айтты", - деді Омаров Тengrinews.kz тілшісіне.
Тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Мәмбет Қойгелді болса, Байтұрсынұлыға ұқсас адамның видеосын мұқият зерттеп алмайынша, ол туралы қандай да бір қорытындыны кесіп айтуға ерте деп есептейді. Ол БАҚ-тарды халыққа нақтыланбаған ақпаратты таратпауға шақырады. "Видеода ештеңе анық емес. Анықтау қажет. Бұл дәл сол құрылтай ма? Болжам жасау қиын. Байтұрсынұлы темекі тартпайтын. Келбеті жақындайды, мұрты да ұқсайды. Бірақ маған оның бойы аласа болып көрінді. Бұл видеоны салған адамның кім екенін анықтап, жылын нақтылау керек, жанындағы адамдардың кім екенін зерттеу керек. Ал оны білмей жатып, сол екен деп ақпарат таратпау керек, ұят болады", - деді тарихшы.