Ауылы – Рахат, балабақшасы – «Әдемі»
Алматы облысының Рахат ауылында еңсесі түскен ескі мектеп қайта жаңартылып, кішкене бүлдіршіндер үшін балабақша ретінде пайдалануға берілді. Ал оқушылар су жаңа мектепте білім алуда.
100 орынға лайықталған балабақшаның аты да, заты да – «Әдемі». Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін пайдалануға берілу жоспарланған Еңбекшіқазақ ауданындағы жеті балабақшаның алғашқысы да осы Рахат ауылындағы білім мекемесі болып отыр.
Төрт топқа арналып жасалынған балалар мекемесі баланың танымына сай талғаммен безендірілген. Мұндағы сахналанған зал, топ бөлмелері қажетті құралдармен жабдықталған.
Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлихан Тойбаевтың айтуынша, бұрынғы балабақша ғимараттарына иелік етіп отырған үш кәсіпкер бүгінде ғимаратты мемлекет меншігіне қайтаруға ниет білдірген. Аудан басшылығы алдағы уақытта сол нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жоспардан тыс тағы үш балабақшаны халық игілігіне беруді жоспарлап отыр.