Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы өңірлерде талқылануда
2019 жылы ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында келешегі бар ауылдарды іріктеп, сол жерлерде әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асырылып бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінде республика аймағында 6 293 ауылдық елдімекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады.
«Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды.
Үкімет отырысының бірінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров аталған жоба жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
Алайда өткенге бір шолу жасап, Мәжіліс депутаттарының деректеріне көз жүгіртсек, күдік туғызатын факторлар жетерлік.
2022 жылдың көктемінде Мәжілістегі Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Альберт Рау Ұлттық экономика министрлігінің статистикасын сынға алған еді.
«2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жағдайы бойынша бағдарлама іс жүзінде 3,5 мың ауылдық елді мекеннен 665 ауылға ғана қатысты. Яғни, үш жыл ішінде тек 18%-ы ғана қамтылып отыр. Бұл ретте, алдағы төрт жыл ішінде жобамен 2870 ауыл қамтылуы тиіс. Ұлттық жобаның параметрлерін орындамау қаупі бар», - деді Альберт Рау Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Жобаның мақсаты - инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу болып табылады.
Алайда депутаттар ауыл-аймақтарды модернизациялау мәселесін зерделеу барысында қисынға келмейтін дүниелерді анықтағандарын айтады.
«Егер ауылда бір жоба жүзеге асырылса, онда оған әзірге бармаймыз» деген жасырын пікір бар екен. Сонда ол модернизацияланған ауыл деп санала ма? Барлық стандарттар орындалған, қарапайым тілмен айтқанда, барлық мәселелер шешілген ауылды модернизацияланған деп санау керек. Алдағы екі жылда тірек ауылдарды жобалармен толық қамтуды басым тәртіппен қамтамасыз ету қажет деп санаймыз. Әйтпесе, бұл жай ғана қаражатты желге шашу болады», - деп атап өтті депутат.
Айта кетерлігі, бұл мақсатта 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлінген. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, аталған қаражатқа 3,7 мың жоба іске асырылған екен. Оның ішінде 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектілері және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы объектілерін жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылған.
«2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94% игерген. Қаражаттың жоғары игерілуі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды. Сонымен қатар, қаражаттың ең төмен игерілуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Өңірлерде құрылыс және жөндеу жұмыстарын талап ететін бірқатар мысалдар бар. Нысандардың басым бөлігі әлеуметтік салада. Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп жобалардың тізімін қалыптастырды», - деді өз сөзінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Алдағы уақытта республикалық бюджетті нақтылау барысында тиісті өтінім ұсынылатын болады. Оның ішінде биыл жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Бірақ әзірге аталған өңірлерге нақты қанша қаражат бөлінетіні белгісіз.
«Министрлікпен жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіледі. Өңірлік стандарттар жүйесінің мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту және қолдау арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау болып табылады. Жобаның өткен жылдарда іске асырылуы нәтижесінде өңірлердің көрсеткіштері стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес жоғарылады. Мәселен, орташа қамтамасыз ету 2021 жылы 64,1% құрады, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайыздық пунктке жоғары», - деді ведомсвто басшысы.
Министрдің нақты деректері бойынша, 2023 жылы ведомство облыс әкімдіктерімен бірлесіп 736 ауылдық елді мекенде 143 млрд теңге сомасына 1,5 мың жобаны іске асыруды көздеп отыр. Оның ішінде 102 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттерде есептеліп жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына берілді.
«Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауылішілік жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сапалық көрсеткіштерді енгізуді ескере отырып, өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматы әзірленді. Өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматына әкімшілік-аумақтық бірліктердің мәртебесін қосуды ескере отырып, сандық көрсеткішпен бірге сапалық сипаттама жүйесін енгізу арқылы интегралдық бағалау енгізілді. Сонымен қатар, 12 бағыт бойынша санаттау және бағыттар бойынша қамтамасыз етуді есептеу көзделген», - деп сендірді Әлібек Қуантыров өз баяндамасында.
Бұдан басқа, Министрлік өңірлік стандарттар жүйесінің әлеуметтік объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілу көрсеткішін ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттің шамасын айқындау қағидаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысы өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы жарлыққа қол қойды. Аталған жарлыққа сәйкес бүгінде Ұлттық экономика Министрлігі ҚР ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі.
«Тұжырымдаманың негізгі мақсаты институционалдық қамтамасыз етуді ілгерілету арқылы ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады. Тұтастай алғанда тұжырымдама мынадай тәсілдерден тұрады: ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген», - деді министр Қуантыров.
Тұжырымдаманың үш негізгі тәсілі:
- Ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету
- Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту
- Агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру.
Жалпы, құжат 60-қа жуық іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ, апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға, денсаулық сақтау объектілерін, интернетке қолжетімділікті, орталықтандырылған сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге және ауылішілік жолдардың жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттер көзделген. Ауыл халқының табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Бүгінде ел өңірлерінде «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» кең ауқымды талқылау жұмыстары басталды.
Көшпелі кеңес ең алдымен Жамбыл облысына ат басын тіреді. Іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековпен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Кездесуге шаруа қожалықтарының басшылары, ауылдық округтердің әкімдері және Жамбыл облысына қарасты Жамбыл және Байзақ аудандарының тұрғындары шақырылды.
«Қатысушылар Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы және «Ауыл – Ел бесігі» бойынша өз ұсыныстарын берді. Көтерілген мәселелерді мүдделі орталық мемлекеттік органдар облыс әкімдіктерімен бірлесіп қарайтын болады. Сондай-ақ, кездесу барысында өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың негізгі бағыттары қарастырылды», - делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
Айжан Жанатқызы