«Ауыл аманаты» жобасы азаматтардың табысын қалай арттырмақ?

«Ауыл аманаты» жобасы азаматтардың табысын қалай арттырмақ?

Қазақстанның бүкіл аймағын қамтуға міндетті «Ауыл аманаты» жобасы Ақтөбе облысынан басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары бар. Бұл жоспардағы басты әрі халыққа ең жақын жобалардың бірі – «Ауыл аманаты».

ЖАМБЫЛДАН БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕЙІН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ҚАЙДАН БАСТАЛДЫ?

Ауыл халқының қорасындағы қойы, бау-бақшасындағы жемісі арқылы пайда көріп, үкіметтен қолдау беру туралы ілкі жоба Жамбыл облысынан басталған еді. Кейін бұл жоба Үкімет тарапынан қолдау тауып, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының бір бағытына айналды. «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов хабарлағандай, биыл «Ауыл аманаты» жобасы Ақтөбе облысынан басталып отыр.

Ерлан Қошанов атап өткендей, бұл бастама ауылдағы халықтың тұрмысын жақсартуға, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, табысын арттыруға бағытталған жоба. «Ауыл аманаты» үшін алдағы 7 жыл ішінде бюджеттен 1 трлн теңге қарастырылған.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНА НЕ БЕРЕ АЛАДЫ?

Ерлан Қошановтың Ақтөбе облысына жасаған сапары кезінде облыс басшылығы аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды және сол проблемаларды шешуге «Ауыл аманаты» жобасы қалай ықпал ететіні туралы баяндады.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов хабарлағандай, бұл аймақ «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ең алдымен облыстың ішкі нарығына келетін импорт тауарларды азайтпақ. Бұл дегеніміз, «Ауыл аманаты» арқылы ауыл халқына берілетін несие мен өзге де мүмкіндіктердің арқасында облыс бұрын өзге аймақтардан, тіпті шетелден тасымалдап отырған ауыл шаруашылығы өнімдерін енді өз тұрғындарының есебінен өз облысында өндіруді қолға алмақ.  Мәселен, жергілікті әкімдіктің дерегіне сүйенсек, Ақтөбе облысы жыл сайын құс етінің 90%-дан астамын шетелден және еліміздің басқа өңірлерінен сатып алып отыр. Ішкі өндіріс көрсеткіші бар болғаны – 5,4%. Аталған мәселе «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы арқылы шешіледі деген жоспар бар. Өңірде импортты төмендету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар түбегейлі шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, ішкі нарықты құс етімен қамту кезең-кезеңімен 100%-ға дейін жетеді деген болжам бар.

«Ақтөбеде «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жиында осы мәселе талқыланды. 24 ауылдық округте басталған жоба аясында құны 3 млрд теңгені құрайтын  2 772 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың 2182-сі – құс шаруашылығын дамытуды көздейді. Құс өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары жеңілдетілген қарыз алып қана қоймай, шаруасын дөңгелетудің барлық қыр-сырын үйренеді.

Алдын ала болжамдарға сүйенсек, 2023 жылы құс етінің көлемі өңірдің ішкі нарық қажеттілігінің 31%-ын, 2024 жылы 64%-ын жабады, ал 2025 жылы көрсеткіш 100%-ға дейін ұлғаяды. Осылайша облыс импортты толығымен жергілікті тауарларға алмастырады», - деп хабарлайды Ақтөбе облысының баспасөз қызметі.
Ал, аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың айтуынша, «Ауыл аманаты» импортты қысқартып, ішкі нарықты облыс шаруалары шығарған тауарлармен толтырып қана қоймай, аймақтағы бағаны тұрақтандыруға да серпін бермек.

«Жобаға қатысушыларды өсімдік, мал, құс, балық, дәстүрлі емес шаруашылықтар және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша мамандар оқытады», - дейді Тоғжанов.

Ақтөбе облысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына облыстағы 24 ауылдық округінің 43 мыңға жуық тұрғыны қатыспақ. Соның ішінде, құс шаруашылығы бойынша 2182 жоба, өсімдік шаруашылығында – 342, шағын бизнес саласы – 224, кооперативтерді жарақтандыру бойынша – 24 жоба қолға алынады. Қаржыландыру 3 млрд теңгені құрайды. Жоба тек ақшалай несие ғана емес, тауарлық несие берумен де ерекше. Атап айтқанда, 27 ірі шаруа қожалығы ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беруді жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындары тауарлық несие бойынша алған малын төлмен қайтаруы тиіс. Бүгінгі таңда 38 жеке қосалқы шаруашылыққа 577 бас мал берілді.

ЖОБАҒА КІМДЕР ҚАТЫСЫП ЖАТЫР?

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы шаруалар «Ауыл аманаты» жобасына өтініш беріп, тіпті, аймақ бойынша алғашқылардың бірі болып жұмысты бастап кеткен. Анықтамамызда айта кеткендей, бұл жоба аясында шаруалар ең төменгі мөлшермен (2,5 пайыз) ақшалай несие ғана емес, тауарлық несие де ала алады. Жалпы, жоба аясында тауарлық несие деген тетіктің қалай жүзеге асатынын айта кетейік: аймақтардағы ірі шаруа қожалықтары жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, «Ауыл аманаты» аясында сол елді мекенде өз кәсібін бастаймын деген шағын шаруаларға тауарын, яғни, малын несиеге береді. Бірнеше мал басын алып, оны өсірген шаруа ірі қожалық алдындағы қарызын қайтарған соң, қолында қалған малымен ары қарай ісін дөңгелете береді.

«Осы орайда ірі шаруа қожалықтарының басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Ұсынысымызды 27 шаруа қожалығы қолдады. Олар ауыл тұрғындарына 6 мың мал беруге дайын. Бүгінгі күнге дейін 42 жеке қосалқы шаруашылыққа 650 мал берілді. Тауарлық несие ретінде мал алған шаруалар алдағы екі-үш жыл ішінде оны төлмен қайтарады. Бұл – жаңа істі бастау үшін жақсы демеу», - дейді өз аймағындағы бұл бастама туралы мәлімет берген Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Мәселен, ірі қожалықтардан бірнеше мал алып, отбасымды асыраймын деп отырған шаруаның бірі Нұрсұлтан Бекбауов. Оның айтуынша, осы «Ауыл аманаты» деген жоба ауыл тұрғындары үшін өз ісін бастаудың және табысын молайтудың тамаша мүмкіндігі болып отыр. Нұрсұлтан Бекбауов - пандемия кезінде табысы азайған адамдардың бірі, өйткені, көп компания сияқты оның жұмыс орны да жұмыс көлемін азайтып, жалақыны қысқартқан.  

«Ал, менің төрт балам бар, әке-шешем — зейнеткерлер, сондықтан оларды асырау — менің міндетім. Мен «Ауыл аманаты» жобасына қатысып отырған шаруалардың бірімен. Жергілікті «Есбол» шаруа қожалығы 10 бас ірі қара берді, жем-шөппен қамтамасыз етті. Тауарлық несиені 2-3 жыл ішінде қайтаруды жоспарлап отырмын»,- дейді Мәртөк ауданының тұрғыны.
«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ЕҢ ӘУЕЛІ ҚАНДАЙ САНАТТАҒЫ АДАМДАРҒА АРНАЛҒАН?

Премьер-министр Әлихан Смайловтың кеңесшісі Бибігүл Асылова бұл жоба ең әуелі қандай санаттағы адамдарға пайдасын әкеле алады дегенге қатысты пікірін білдірді. «AMANAT» партиясының басшысы Ерлан Қошанов барған сол Мәртөк ауданындағы халықты мысалға ала отырып Асылова жоба аясында басты назарда болатын санаттарды атады.

«Мәртөк ауданында жобаны енгізер алдындағы дайындық кезінде 30 500 адамға, яғни, 32 ауыл, 13 ауылдық округтың халқына скрининг (әлеуметтік зерттеудің бір түрі - авт) жасалған. Осылайша, жобаға Тәңірберген және Қаратоғай ауылдың округтері, жалпы үш ауылдың 3344 тұрғыны енді. Олардың ішінде 2131 адамның жұмысы бар, 314 адам өзін өзі жұмыспен қамтып отыр, 62 адамның жұмысы жоқ, алты отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Жоба бойынша дәл осы санаттағы адамдар ерекше назарға ие болады», - дейді Бибігүл Асылова.
Бибігүл Асылованың айтуынша, «Ауыл аманатына» қатысамын деген халық үшін ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар, өз өнімін өндіріп, шағын кәсіптерін дөңгелетіп отырған шаруалардың тәжірибесін айту, көрсету өте маңызды болмақ. Бибигүл Асылова бұл ретте Ақмола облысы Қарабұлақ ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, табыс тауып отырған Гүлмайра Баймақованың жұмысын мысалға алды.

«Жер-Ана Астана» қоғамдық ұйымының төрағасы, «Ар-ай» ауыл шаруашылы кооперативінің басшысы Гүлмира Баймақова тәжірибесін айтып, пікір алмасу үшін Ақтөбеге барған. Ол Ақмола облысында бау-бақша дақылдарын егіп, өңірлерді ішкі өніммен қамтып отыр. Бір қызығы, Гүлмира ханыммен жазда сөйлескенімізде ол «Қазақстанның солтүстігінде қарбыз өсіру бұрыннан келе жатқан арманым» деген еді. Қазір, міне қарыз да өсіріп отыр. Оның үстіне, ол Степногор қаласы мен Қарабұлақ ауылында бірегей жоба бастады. Жобасының аты «Балкондағы сиыр». Ал, мәні ерекше: Степногор қаласының тұрғындары мен Қарабұлақ ауылының тұрғындары өзара ынтымақтаса отырып сүт өндірісін дамытқан: яғни, қала халқы тікелей Қарабұлақ тұрғындарына тапсырыс береді, өз кезегінде, ауылда, қорасында бірнеше сиыры бар адам сүті мен майын тікелей тұтынушыға табыстайды, сол арқылы әрине, пайда көреді», - дейді ауыл шаруашылығы өнімдеріне бойынша әртүрлі бағытта табыс табуға болатынын айтқан Бибігүл Асылова.
Міне, мамандардың болжамынша осы және өзге де тетіктерді пайдалана отырып ауылдағы халық «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кішіден бастап, үлкен шаруашылыққа дейін дами алады. Ал, Ақтөбе облысына оралсақ, аймақ «Ауыл аманаты» арқылы облыстағы жұмыссыздар санын 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 49,3%-ға азайтуды көздеп отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, Ақтөбе облысы бойынша отбасылардың орташа табысы  бірден 192%-ға артуы керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста