Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бір «жаңалықтың» құлағын қылқитқалы біраз болды. Реформадан көз ашпай келе жатқан министрлік тағы бір «Америка ашуымен» адамдардың шамына тие бастады. Яғни тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларға науқас аз түссе (ауруханаға жолдама аз берілсе деп түсінуге болар) дәрігерлерге үстемеақы төлемек. Бұған «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова қарсы дау айтып отыр.
Сондай-ақ кейбір сала мамандары стационарлы емдеуден «отказ» алған науқастардың ауруы асқынып, созылмалы дертке ұшырауы мүмкін деп дабыл қағуда. Тіпті өліп кетуі де ғажап емес. Онсыз да екі иығынан әрең дем алып, ауруы асқынып, қызуы көтеріліп тұрған министрлік жұртшылық тарапынан алғыс алмайтыны сөзсіз. Аз жалақыға жәутеңдеп отырған медицина қызметкерлері енді ауруханалардағы аз ғана орынды қызғыштай қорғамақ. Үстемеақы алу үшін. Тіпті өлім аузында жатқандарды да аурухана маңынан ит қосып қуаламасына кепілдік жоқ. Құрылымның бұл қай мазағы деп көңілі көгенделіп жүргендер жетерлік. Жаңадан жаңалық ашқан Денсауминнің көздегені медициналық қызметтің сапасын көтеріп, жұртшылық арасындағы профилактикалық жұмыстарды нығайтпақ-мыс. Дәрігерлердің тілімен айтқанда, «Жан басына белгіленген норматив компоненттерін қалыпты жағдайда ұстап отыру» (орысшасы Стимулирующая компонента подушевого норматива), қысқа қайырғанда СКПН деп аталатын бұл жүйе біраз жұртты жүйкелететін түрі бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылдың 6 қаңтарында «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметіне қосымша ақы төлеу туралы» №14 бұйрығы шыққан. Одан іле-шала 2011 жылы 17 наурызда осы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Осылайша медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсарту үшін біраз шаруаның басын қайырып тастапты.
Науқастарды стационарға жатқызуды кеміткендегі мақсат – дәрігерлерге ана мен бала өлімінің алдын алу үшін, түсік жасаудың азайғандығы үшін, туберкулездің ерте анықталғаны үшін, жүрек-қан тамырлары ауруларының, созылмалы науқастардың стационарға жатуы кемігендігі үшін де «премия» қосылады екен. Бұдан шығатын қорытынды: ауруханаға науқас аз жатса, яғни ауру «кеміп» кететін көрінеді. Онда үстемеақы алу үшін ауыр да жұқпалы дерттерді жасыру оқиғаларының көбейіп кетпесіне кім кепіл? Тіпті медицина саласына қатысты арыз-шағымдардың азайғандығы үшін де үстемеақы қосылуы мүмкін екен. Әй, қайдам, бірақ соңғы бөлім ешуақытта да орындалмайтын шығар. Өйткені қарша бораған арыз-шағымдардың астында қалатын да осы Денсаумин емес пе? Егер арыз-шағым тым көбейіп кетсе, онда дәрігерлер тіптен үстемеақысыз қалуы бек мүмкін. Ол жағына енді «гарантия» беруге болады. Кеңес Одағы кезінде ауруханадағы жатақ орны көп болса, соғұрлым жақсы деп саналатын. Ал бүгінде орынды азайтқанмен, ауру азаймай тұр. Азаюы мүмкін де емес.
Медицина саласында ми жетпейтін түсініксіз жайттар көбейіп барады. Тық десе, Денсауминнің басына барып тиеді. Оның үстіне, неше түрлі жаңашылдығымен жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Ауруханаға жату үшін порталға енгізіліп, жолдамаға қол жеткізу қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын шаруаға айналды бүгінде. Ол үшін емханада бүкіл анализді тапсыру керек. Ауру азабы жанына батқан адамға таңертеңнен кезекке тұрып күту оңай ма? Одан қалса, рентгенге, УДЗ-ға, ЭКГ-ға түсу, оның нәтижесін күтуге де біраз уақыт кетеді. Ақырында ауруханаға берілетін жолдамаға қол жеткізгенше ауруынан айығып, не болмаса о дүниеге жолдамасыз-ақ аттанып кетуіңіз мүмкін. Мұндай «алып кел», «шауып келден» шаршағандар қолын бір сілтеп, ақшасын төлеп, жеке клиникада емделгенді дұрыс көреді. Айналып келгенде, мұның бәрі де жеке клиникалардың қалтасын томпайту үшін жасалып жатқан әрекеттей көрінетіні бар. Алайда жұрттың бәрінің жеке клиникаға емделетіндей қалтасы қалың емес, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінудің де ауыртпалығы зор. Ондағылар өлім аузында жатса да алып кетпейді. Ыстығы 40 градустан түспей, ауруханаға жатқызуға барлық жағдайы келіп тұрған науқастың өзін алып кетпейді олар. Ертеңі үшін қорқады. Егер апарған науқасын аурухана қабылдамай қойса, «103»-тің бастығынан таяқ жері сөзсіз. Расы осы. Енді тіпті ауыра қалсаңыз, аурухананың ауласына кіре алмайтын түріміз бар. Жаңалық ашудан шаршамайтын Денсауминдегілер тіпті тегін емдейтін жердің бәріне тұмсығын тығып бітті. Енді аурухана біткенді ақылы етіп, жауып тынбаса жарар-ды. Ауруды адам сұрап алмайтыны белгілі. Ал ауыра қалған жағдайда «дәрігерге күніңді түсірмесін» дегеннен басқа амал кем.
Айгүл ИМАНАЛИНА, емдеу бөлімінің бастығы:
– Негізі, белгілі индикаторларға байланысты, оның ішінде ана мен бала өлімінің көрсеткіші аз болса, туберкулезбен ауыратындар аз болса т.б көрсеткіштер нәтижесі аз болса, соған орай әр үш ай сайын үстемеақы қосылатын жүйе бар. Ол педиатрларға, учаскелік дәрігерлерге беріледі. Науқас ауруханаға жолдама алып, емделіп шыққаннан кейін дәл сол диагнозбен қайтадан ауруханаға (яғни айына екі рет) түспесе, ол жақсы көрсеткіш болып саналады. Бұл да үстемеақы қосуда ескеріледі.
Ауруханаға науқас аз жатса, ауру кеміп кетеді дегенге кім сенеді?
Последние статьи автора