Атырау облысында бала өлімі өткен жылмен салыстырғанда 12 жағдайға көбейген. Қаңтар айының басынан бері төрт сәби мерт болған. Ата-аналар бұл жағдайға дәрігерлердің салғырттығын кінәлауда, деп хабаралайды “Хабар 24” арнасы.
Өткен жылдың өзінде облыстық балалар ауруханасында 48 сәби көз жұмған.
Қайғыдан қан жұтқан әке Қанат Жұмаділовтың 2 жасар қызы байқаусызда аяғын күйдіріп алып, ауруханаға түскен. Бірінші күні жағдайы бірқалыпты болған бөбек күтпеген жерден көз жұмған.
“Дәрігерлердің салғырттығынан қызымнан айырылдым. Мен оны соңғы рет 11:29 кеткенде жансақтау бөлмесінен көрдім. Сол кезде дәрігерлер қандай да бір себептермен оның қайтыс болғанын растайтын құжаттарды дайындап жатқанын өз көзіммен көрдім. Сұрағанымда қызымды бұрыннан ДИК синдромы инсульт пен миға циберальды қан құйылуы болғанын айтты”,- дейді Қанат Жұмаділов.
Бұл тек бір ғана жағдай емес. Облыстық ауруханаға осындай қайғыға тап болған тағы екі отбасы келіп шағымданған. Олар дәрігерлерді уақытылы көмек көрсетпеген деп айыптайды.
“Біз ауруханаға 8 де келдік. Бірақ 12:30-да ғана қабылдандық. Бір түннің ішінде бөбегімнің екі бүйрегі де істен шықты. Барлығы уақытты бос жоғалтқаннан болды. 9 реанимотологтың жұмысын 3 адам атқарып жүр. Барлық мәселе осыдан басталған ”,-деді Атырау қаласының тұрғыны Дәрігүл Бақтиярова.
Аурухана басшылығы кадрдың жетіспейтінін мойындайды, алайда балалардың өлімі дәрігерлердің қателігінен емес екенін алға тартады. Реанимотолг бойынша 4 орын бос болғандықтан барлық жүктеме басқа мамандарға берілген.
“Біз ауруханаға науқас түскен кезде барлық қажетті шараларды қолданамыз. Дегенмен, бәрі жарақаттың ауырлығына байланысты. Иә, кадр тапшы. Қазір бізге төрт реаниматолог-анестезиолог, бір лаборант, екі балалар хирургы жетіспейді. Бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жазда бізге 2 балалар хирургы, 1 ЛОР дәрігері және реаниматолог-анестезиолог келеді”,-деді облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов.
Өлкедегі балалардың өлім саны жыл сайын көбеюде. Қайғырған кей ата-аналар дәрігерлердің кінәсін сот арқылы дәлелдеуге тырыспақшы.