Атырау облысына зымыран құлады (фото)
23 тамызда кешке Атырау облысы Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылына жақын жердегі өртті сөндіру кезінде ракетаның бөлшегі табылды. Бірнеше гектарға жайылған далалықтағы қурған шөп өрт осы ракета құлаған соң өртене бастаған деп хабарлайды Ақжайық басылымы.
ІІД ТЖ Комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың сөзінше, оқиғадан қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ, радиациялық ахуал қалыпты деңгейде. "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының жанынан орын алған жайтты сараптау бойынша комиссия құрылды.
Интернеттегі ақпаратқа сәйкес, "Стриж" нысана зымыранының аспаннан құлаған бөлшегінің ұзындығы 7-8 метрді құрайды. Кейін оқиға орнын аудандық ІІБ қызметкерлері қоршауға алды.
Ракетаның қайдан ұшып келгені және кімге тиесілі екендігі нақтылануда.